Полицейлер кәріз құдықтарының қақпақтарын ұрлаған адамды ұстады

АҚТӨБЕ. 21 сәуір. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Жеңіл ақша табу мақсатында темір-терсек жинаушылар шойыннан жасалған кәріз құдықтарының қақпақтарын ұрлаудан да бас тартып отырған жоқ. Ақтөбелік полицейлер таяуда осындай тағы бір ұрыны құрықтады.
None
None

Облыстық ІІД болған брифингте хабарланғандай, полицияға Наумов көшесінде тұратын азаматша арызданып келіп, белгісіз біреулердің оның үйінің жанындағы кәріз құдығының қақпағын алып, «Опель-Вектра» автокөлігіне мініп, іздерін суытқанын хабарлады.

Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері 27 жасар ақтөбелік азаматты оның көлігімен бірге Маресьев көшесіндегі «Техника» дүкенінің жанынан ұстады. Ұрланған зат тәркіленді.

Тергеу барысында полицейлер аталмыш азаматтың осыған дейін Жаманқұлов көшесі мен Мәскеу ауданында да кәріз құдықтарының қақпақтарын ұрлап, оны 1 800 теңгеден темір-терсек қабылдау орынына тапсырып жібергенін анықтады.

Аталмыш фактіге қатысты ҚР ҚК 175-бабы - «Ұрлық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азамат бұған дейін де осы секілді қылмысы үшін сотты болған екен. Тергеу шаралары жүріп жатыр, одан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды.

Темір-терсек қабылдау орындарының иелеріне қатысты әкімшілік іс қозғау мәселесі шешілуде.

Соңғы жаңалықтар