18:51, 03 Шілде 2013 | GMT +5
Полиция қызметкері киімін жамылып қарақшылық шабуыл жасауды кәсіп еткен соқталдай 9 жігіт белгілі болды
АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат - Өткен аптада Алматы облысы ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 22 жастағы облыс тұрғыны басқарған орнықты қарулы топтың жолын кесті. Топ 9 адамнан құралған. Олардың жас шамасы 21 мен 26 жас аралығында. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ таратқан мәліметтерде хабарланды.
Топ атыс қаруын қолдану арқылы азаматтарға қарақшылық шабуыл жасауды кәсіп еткен. Сондай-ақ, бірқатар шабуыл кезінде олар
полиция қызметкерлерінің нышанды киімдерін пайдаланған. Қылмыскерлерден 16 калибрлі 3 шолақ аңшы мылтығы, «ЛИДЕР» травматикалық тапаншасы және полиция аға лейтенантының нышанды киімі тәркіленіп алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 237 бабы бойынша (бандитизм) қылмыстық іс қозғалып, «қамауға алу» бұлтартпау шарасы қолданылды.