16:04, 20 Желтоқсан 2009 | GMT +5
Прагада Қазақстан мен Чехияның сыртқы істер министрліктері арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды
АСТАНА. Желтоқсанның 20-сы. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев Прагада Чех Республикасының Сыртқы істер министрі Мартин Пецинамен және министрдің орынбасары Хелена Бомбасовамен келіссөздер өткізді.

Кездесулер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың түрлі саласындағы елдер арасындағы өзара қарым-қатынастарды дамытудың перспективасын, сондай-ақ дипломатиялық және қызмет төлқұжаттарының иегерлері үшін визасыз режим орнату туралы келісімге қол қоюдың мүмкіндігін талқылады. Оған қоса, чех тарабы реадмиссия туралы келісім мен екі елдің ішкі істер органдары арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға мүдделілік білдірді.
Келіссөздердің қорытындылары бойынша Келісімшарт-құқықтық базасын кеңейту және жекелеген салалардағы ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі Қазақстан мен Чехия сыртқы істер министрліктерінің арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.