16:56, 25 Мамыр 2009 | GMT +5
Премьер-Министр Ақсу гимназиясының оқушысына білім беру грантын бөлді ? Павлодар облысы
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ – ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Павлодар облысына жасаған сапары барысында Ақсу қаласындағы гимназияның «Соңғы қоңырау» мерекесіне қатысты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Заманауи әлеуметтік-экономикалық жағдайларға бейімделген және зияткерлік жеке тұлғаны даярлауға бағдарланған осы мектепте оқушылардың шығармашылық әлеуетін ашу үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Гимназия оқушылары үшін «Өзін-өзі тану» және көптілділік курстары енгізілді. 7-10 сыныптарда физика ағылшын тілінде оқытылады. Балалар гимназияның ғылыми қоғамында «Ізденіс» зерттеу жобаларын әзірлеумен айналысады, «Балауса» радиоорталығы үшін ақпараттық шығарылымдарды ұйымдастырады, қуыршақ театрында спектакльдар қояды, «Дарын» зияткерлік клубына және «Экстрим» туристік клубына қатысады.ҰБТ-2007 қорытындылары бойынша гимназия еліміздегі 100 алдыңғы қатарлы оқу орындарының және Павлодар облысындағы бес үздік мектептің қатарына енді.«Адам өмірінде мектеп бітіретін күн бір-ақ рет орын алады. Осы күні ол өз өмір жолы мен тағдырын таңдайды. Сіздердің бәріңізге жақсы маман болу, үш тілді білуді, ең бастысы ? патриот болуларыңызды тілеймін», ? деді Премьер-Министр түлектерге арнап айтқан сөзінде. Үкімет басшысы гимназияның түлегі, оқу озаты Айнагүл Балташеваға білім беру грантының бөлінгені туралы хабарлады. Озат қыз биологияға жете мән береді, болашақта медицинаға ден қоюды көздеп отыр. Гимназия түлегінің отбасында бес бала бар, әкесі ? теміржолшы, анасы ? үй шаруасында.К.Мәсімов Ақсудың көрікті құрылыстарында болды. Мұнда «100 мектеп және 100 аурухана» президенттік бағдарламасы бойынша 1 200 оқушыға арналған құны 1,3 млрд. теңге болатын оқу орны салынуда. Алты екі қабатты және үш қабатты үйлерден тұратын мектеп қалашығы ағымдағы жылдың желтоқсанында пайдалануға берілмекші.Оның жанынан ауысымына 500 адамды қабылдауға арналған қалалық заманауи емхана салынуда. Премьер-Министр қаланың жаңа шағын ауданының жобасын және құрылысының сапасын мақұлдады. Үкімет басшысына Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев ілесіп жүрді.