08:39, 27 Мамыр 2009 | GMT +5
Премьер-Министр Қарағанды облысына сапар жасайды
ҚАРАҒАНДЫ. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бүгін Қарағанды облысына жұмыс сапарын жасайды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Үкімет басшысы «KEGOK» компаниясы Шет ауданының Ағадыр ауылында салған жаңа қосалқы стансының ашылуына қатысады деп жоспарлануда. Ағадырдағы рәсімнен кейін Үкімет басшысының жұмыс сапары Қарағанды қаласында жалғасады. Онда Үкімет басшысы Жол картасының жүзеге асырылу барысымен танысады, жұмыстарынан босап қалған азаматтар Еңбекпен қамту орталығының жолдамасымен қайта маманданып жатқан политехникалық колледжге ат басын тірейді.Жұмыс сапарының бағдарламасында сондай-ақ Премьер-Министр Жол картасына кірген қалалық балалар ауруханасына баруы жоспарланған. "1985 жылы салынған және жылына 160 мыңнан астам балаға қызмет көрсететін бұл медициналық мекемеде бірде-бір рет жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Су, кәріздік жүйелер, қазандық, электр желілері, желдеткіштер, едендер ? барлығы түбегейлі жаңартуды қажет етеді. Сондықтан да аурухана Жол картасына енгізіліп отыр", деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен. Ауруханада жөндеу жұмыстары басталып кетті, бұл мақсатқа 320 миллион теңге бөлініп отыр. Мұндағы жұмыстарға 698 жұмысшы тартылады, олардың 558-і - жұмыссыздар санатынан. «Қарағанды облысында Жол картасын жүзеге асыруға барлығы 13 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл шара 596 әлеуметтік сала және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеуге және 34 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді», делінген облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарламасында. Сапар соңында К.Мәсімов 130 пәтерлік «Сарыаарқа» тұрғын үй кешенінің құрылысымен танысады. «Бұл кешеннің бірінші кезеңінің құрылысы 2006 жылдың жазында «МГТ-Астана» компаниясының өз қаражаты мен 82 үлестік салымшының қаржысына басталған болатын. Бірақ 2007 жылы ипотекалық дағдарыс басталып, қиыншылықтар туындағаннан кейін құрылыс қарқыны күрт құлдырап кетті. Бірақ облыс басшылығының қолдауының арқасында «МГТ-Астана» компаниясы ENRC корпорациясының құрылымдық бөлімшесі «Қазхром» трансұлттық компаниясымен келісім-шартқа отырып, 2008 жылы құрылыс жұмыстары қайта жанданды. Қазіргі уақытта жұмыс қарқынды жүруде және жылдың соңына қарай аяқталып қалады», - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.