15:13, 27 Мамыр 2009 | GMT +5
Премьер-Министр Қарағанды облысында Жол картасын жүзеге асыру барысымен танысты
ҚАРАҒАНДЫ. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов бүгін Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында аймақта Жол картасын жүзеге асыру барысымен танысты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қарағандыда Үкімет басшысы жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен жұмыссыз тұрғындарды қайта даярлау жүргізіп жатқан политехникалық колледжде болды. Бүгінде мұнда «сылақшы-әрлеуші» мамандығы бойынша қысқа мерзімді курстар ашылды. Қарағанды облысында барлығы 39 колледж бен лицей қайта оқытумен айналысуда, оларда жұмыстан босап қалған 4279 қызметкер және басқа да мақсатты топтар жаңа мамандықтар алып шығады ? бұл мақсаттарға 104 млн. теңге бюджет қаражаты бөлінген.Қазірдің өзінде 3 мыңға жуық адамды қайта оқыту ұйымдастырылды, техникалық және қызмет көрсету еңбегі, құрылысшы мамандықтары бойынша кадрларды қысқа мерзімде даярлау үшін 20 оқу бағдарламалары жасалды. К.Мәсімов политехникалық колледждің оқу кабинеттерін аралап, оқып жатқандармен әңгімелесті. Үкімет басшысы бұдан әрі Жол картасы нысандарында жұмыс істеу үшін жұмыссыздарды ең қысқа мерзімде және сапалы даярлаудың қаншалықты мүмкіндігі бар екендігіне ынта қойды. Бұдан кейін Премьер қалалық балалар ауруханасында болды. Бұл медициналық мекеме Жол картасына енгізілген, оны күрделі жөндеуге 320 млн. теңге бөлініп отыр. Мұнда қазірдің өзінде жөндеу жұмыстары басталып кетті, онда 698 адам жұмыс жасап жатыр, оның 558-і ? жұмыссыздар. Қарағанды облысында Жол картасын жүзеге асыруға барлығы 13 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаржы 596 әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы нысандарын жөндеуге және 34 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.