Премьер-Министр Өңірлік жұмыспен қамту стратегиясын жүзеге асыруды кешеуілдетпеуді тапсырды

АСТАНА. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов облыстардың, Алматы мен Астана қалаларының әкімдеріне Өңірлік жұмыспен қамту стратегиясын жүзеге асыруды кешеуілдетпеуді тапсырды.
None
None
Ол бұл тапсырманы бүгін Үкіметтің селекторлық кеңесінде берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Бұл - принципті маңызды мәселе, Мемлекет басшысының тапсырмасы. «Жол картасына» бөлінген қаржының арқасында жұмыс орындары құрылып жатыр. Сондықтан біз оны жүзеге асыруды кешеуілдетпеуіміз керек», - деді селекторлық кеңесте Премьер-Министр. Осы орайда Үкімет басшысы келесі селекторлық кеңесте де Өңірлік жұмыспен қамту стратегиясының жүзеге асырылу барысы тағы қаралатынын атап көрсетті. «Алдағы дүйсенбіде «Жол картасы» бойынша, осы аптада атқарылған жұмыстарды қамти отырып, қандай шаруалардың тындырылғаны жөнінде тағы да құлақтандыратын боласыз», - деді Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықоваға қаратып айтқан сөзінде. Сонымен қатар, Үкімет басшысы «Жол картасы» бойынша орынбасары Ербол Орынбаевқа да тапсырма жүктеді. «Бізге қанша қаржы қажет, фактілер бойынша мұқият қарау қажет. Мен өткен аптада облыстарды аралап шықтым. Сонда барлық жерде бірдей есеп-қисаптардың барабар жасалмағаны белгілі болды. Ақшаны құр желге шашпас үшін, осыны қарау қажет. Қаражатты ең қажетті жерлерге бағыттау керек», - деді К. Мәсімов. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, селекторлың кеңесте Г. Әбдіқалықова «Жол картасын» жүзеге асыру жөніндегі дайындық жұмыстары толығымен аяқталғанын, оны жүзеге асыруға 140 млрд. теңге бөлінгенін, барлық деңгейдегі мәслихаттар жергілікті бюджеттерді нақтылағанын, 51,3 млрд. теңге мөлшерінде теңдей қаржыландыру сомасы анықталғанын айтқан болатын.
Соңғы жаңалықтар