Премьер-Министр стратегиялық жоспарларды әзірлеуді жетілдіруге қатысты бірқатар тапсырмалар берді

амырдың 4-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлауда кеткен кемшіліктерге келешекте жол бермеу үшін тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет басшысы ең алдымен Экономикалық даму және сауда министрлігіне Қаржы министрлігімен бірлесіп мамырдың 20-на дейін стратегиялық жоспарларды әзірлеу үшін жаңартылған әдістемелік негізді әзірлеуді тапсырды. Оның айтуынша, стратегияық жоспар мемлекеттік органдар қызметінің барлық салаларын қамтымай, тек маңызды стратегиялық бағыттар мен мақсаттарға шоғырлануы тиіс. Стратегиялық мақсаттарды, міндеттерді және көрсеткіштерді сұрыптаудағы және қалыптастырудағы стратегиялық талапты қатаңдату қажет, олардың саны шектеулі болуы тиіс. Бұдан бөлек, стратегиялық мақсаттар мен міндеттердің, нәтижелердің көрсеткіштері бюджеттік қаржылармен қабысуы тиіс. Орталық атқарушы органдардың стратегиялық жоспарлары стратегиялық мақсаттар мен көрсеткіштерді келісу арқылы аумақтардың даму бағдарламаларымен және жергілікті атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларымен үйлестірілуі тиіс.

Сонымен қатар, Премьер-Министр Қаржы министрлігі ағымдағы жылғы маусымның 1-не дейін нәтижеге бағдарланған бюджеттеуді ескеріп, бюджеттік бағдарламалардың қалыптастырылуына, олардың мазмұнына, негізділігіне талдау жүргізуді тапсырды. Бұдан бөлек, Экономикалық даму және сауда министрлігіне ағымдағы жылғы маусымның 15-не дейін стратегиялық жоспардың мақсатты индикаторларына, көрсеткіштері мен міндеттеріне қол жеткізу жөніндегі есеп беретін деректер мемлекетік органдармен бекітілетін тетікті әзірлеу және бекіту тапсырылды.

«Экономикалық даму және сауда министрлігіне Қаржы министрлігімен бірлесіп ағымдағы жылғы қазанның 1-не дейін стратегиялық жоспарларды, меморандумдар мен бюджеттік бағдарламаларды жүзеге асыруды кешенді бағалау жүйесін әзірлеуді тапсырамын. Бағалау нәтижелері кезекті бюджеттік циклде пайдаланылуы тиіс», деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар, Премьер-Министр Экономикалық даму және сауда министрлігіне ағымдағы жылғы мамырдың 20-на дейін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары және Премьер-Министр арасында жасалатын меморандумдардың әзірленуіне, мазмұнына және бағалануына қойылатын талаптарды әзірлеуді, сондай-ақ тиісті нормативтік актілерге қажетті өзгертулер мен толықтырулар енгізуді тапсырды. Бұдан бөлек, К. Мәсімов Қаржы министрлігіне әрбір орталық органмен бірлесіп мемлекеттік шығыстарды бағалау жөніндегі жұмысты бастауды тапсырды. «Бастапқы кезеңде республикалық бюджеттің шығынына, олардың қажеттілігіне, негізділігіне, нәтижелігіне мұқият сараптама жүргізу қажет. Алынатын нәтижелер мен шығындалатын бюджеттік қаржының сәйкестігіне кешенді бағалау жүргізу қажет. Бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру түпкі мақсат болуы тиіс. Ағымдағы жылғы мамырдың 20-на дейін осы жұмыстың ұйымдастырылуын баяндайтын болыңыздар. Перспективада мұндай жұмысты жергілікті бюджеттер бойынша да жүргізу қажет», деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр атап көрсеткеніндей, орталық органдардың 2009 жылғы стратегиялық жоспарларының және меморандумдарының жүзеге асырылуына талдау жүргізілген. Оның барысында белгілі бір кемшіліктер анықталған. Жоғарыдағы тапсырмалар келешекте сондай кемшіліктерге жол бермес үшін беріліп отыр.

Соңғы жаңалықтар