18:48, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Премьер-Министрдің қатысуымен «Самұрық-Қазына» Қоры Директорлар Кеңесінің ашық жиыны өтті
АСТАНА. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Директорлар Кеңесінің 20-шы кеңейтілген ашық жиыны болып өтті.
Басқосуға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі-Қордың Директорлар Кеңесінің Төрағасы Кәрім Мәсімов және Қор құрамындағы ірі және еншілес компаниялардың бірінші басшылары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Естеріңізге сала кетейік, Үкімет басшысы 2009 жылғы сәуірдің 1-інде Парламент Мәжілісінің отырысында «Самұрық-Қазына» құрамындағы және Қорға енетін компаниялардағы қызметкерлердің санын айтарлықтай дәрежеде қысқарту жөнінде айтқан еді. Бұл тапсырманы және «Орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда, холдингтерде, ұлттық компанияларда, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардағы әкімшілік шығындарын қысқарту шаралары» жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы желтоқсанның 30-ындағы №289 қаулысын орындауға сәйкес, Қор мен оның еншілес компанияларында қайта құрылымдау, әкімшілік шығындарды қысқарту және қызметкерлер санын оңтайландыру шаралары өткізілді. Осыған байланысты, Директорлар Кеңесінің № 20 ашық жиынындағы басты мәселе ?Қор мен оның құрамындағы компаниялардың жоғарыда аталған тапсырманы қалай жүргізгені және олардың жұмысындағы тиімділікті бағамдау жайы болды», делінген баспасөз баянында.
Баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда, Директорлар Кеңесі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ жұмысындағы негізгі бағыттардың қалай жүргізіліп жатқаны туралы есепті тыңдаған. Атап айтқанда, жиын барысында «Самұрық-Қазына» АҚ Инвестициялық комитетінің жұмысы, мемлекеттік сатып алу шаралары кезінде қазақстандық үлестің енгізілуін қадағалау мен ақпараттық технологиялардың енгізілуі жайы, дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасының жүзеге асырылуы, Қор жұмысының тиімділігі туралы, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды дамытудың тұжырымдамалары қаралды.
Сонымен қатар, басқосуда «Инвестициялық жобалар картасы» бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар жайлы жедел ақпарат қамту мәселесі сөз болды. Осы тұрғыда, Премьер-министр Экономика және бюджеттік жоспарлау министріне, Индустрия және сауда министрі мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ және «Қазагро» АҚ басшыларына елде жүзеге асырылып жатқан нақты инвестициялық жобалар жөнінде мәліметтер дайындауға тапсырма берді.
«Бұл мәселе Экономиканы жаңарту жөніндегі мемлекеттік комиссияның бақылауында болады және үйлестіруге қатысты шаруалар маусым айының аяғында аяқталуы тиіс. Сонымен бірге, бүгінгі күні анықталып, бекітілген әр жоба бойынша жауаптылар бар. Шаруашылықтың жай-жапсары туралы біз солардан сұрайтын боламыз», - деді К. Мәсімов.
Бұдан басқа, жиын барысында «Самұрық-Қазына» Қорының Директорлар Кеңесі ішкі несиелік саясатының Ережелерін бекітіп, ел экономикасындағы өзекті жобалар бойынша маңызды шешімдер қабылдады. Қордың инвестициялық шаралары аясында «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ға «Тараз металлургия зауыты» ЖШС пен «Халықаралық Ақтау теңіз сауда портын» қаржыландыру үшін несиелер беру жөніндегі мәселелер қарастырылды.
Жалпы, «Самұрық-Қазына» Қорының және еншілес компанияларының әкімшілік шығындарды қысқарту, шаруасын оңтайландыру және қайта құрылымдау мәселесі бойынша атқарылған жұмыстарға Қордың Директорлар Кеңесінің Төрағасы мен Кеңес мүшелері оң баға берді. Қордың даму стратегиясын талқылай келе, Директорлар Кеңесі мүшелері «Самұрық-Қазына» АҚ және оның еншілес компанияларының қойылған міндеттерді орындап, шаруаларын әрі қарай жетілдіруіне орай біршама ұсыныстарын айтты.
Сондай-ақ жиын барысында Қордың Директорлар Кеңесінің мүшелері болып Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев, (Владимир Школьниктің орнына), ҚР Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Қуандық Бішімбаев, Ресейдегі «Базовый элемент» холдингінің бас директоры Гүлжан Молдажановалар сайланды.