Преторияда Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның және Қазақстанның инвестициялық ахуалының таныстырылымы өтті

АСТАНА. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат - Қыркүйектің 28-інде Преторияда Қазақстан Республикасы мен Оңтүстік Африка Республикасының арасындағы үкіметаралық саяси консультациялардың бірінші кезеңі болып өтті.
None
None

Қазақстандық делегацияны - Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай, оңтүстікафрикалық тарапты - Халықаралық қатынастар және ынтымақтастық министрінің орынбасары Ибрагим Исмаил Ибрагим басқарды, деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Консультациялар барысында тараптар халықаралық және аймақтық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасты. Оңтүстік Африка Республикасы тарапы Қазақстанның ЕҚЫҰ Төрағасы ретіндегі және бастамаларды жүзеге асырудағы рөлін өте жоғары бағалады. Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің, Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Ислам Конференциясы Ұйымына алдағы төрағалығы аясындағы аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі елеулі үлесі атап өтілді.

Сондай-ақ іскер топтардың екіжақты кездесулерін ұйымдастыру және перспективалық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жолдары арқылы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту туралы пікір алмасылды. Қазақстандық делегация еліміздегі инвестициялық климат, үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың бағдарламасы жөнінде таныстыру рәсімдерін өткізіп, өз кезегінде Оңтүстік Африка Республикасының экономикалық дамуының тәжірибесімен танысты.

Консультациялар барысында Оңтүстік Африка тарапы Қазақстан Елбасының Оңтүстік Африка Республикасына мемлекеттік сапарын ұйымдастыруға өзінің үлкен қызығушылығын атап өтті және жоғары деңгейдегі кездесулер екі ел арасындағы достық қатынастарды және ынтымақтастықты нығайту үшін пәрменді серпін және динамика беретіндігіне сенім білдірді.

Саяси консультациялардың келесі кезеңін Астана қаласында өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Соңғы жаңалықтар