Президент: Елорда бірегей нысандарымен ерекшеленуі тиіс
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астанада бірегей нысандар салынып жатқанына, сондай-ақ олардың құрылысы бүгінде аяқталуға жақындағанын айтып өткен Мемлекет басшысы, « Ертең қала сәулеті бойынша алдағы мақсаттарды талқылаймыз. Елорданың орталығы, әкімшік орталығы жасақталды, тұрғын үйлер салынды. Енді қала бұдан әрі ретімен дамитын болады»,- деді.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы бүгінгі көшпелі кеңес барысында классикалық Опера және балет театрының іргетасына капсула салды. Бұл нысан Тәуелсіздік және Тұран даңғылдарының қиылысында орналасқан. Ғимараттың ауданы 37,7 мың шаршы метрді құрайды. Театрдың негізгі сахнасының көлемі 32х24 метр, биіктігі 35 метр, оның ортаңғы бөлігінде айналмалы алаңды жасақтау қарастырылған.
«Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай бұл нысан іске қосылатын болады. 1 мың 200 орындық керемет Опера және балет театры теңдесі жоқ ғимарат болып саналады»,-деді Президент.
Сонымен қатар Елбасы елордада салынып жатқан жаңа университет құрылысында болды. Бұл жоғары оқу орынын ашу биылғы жылғы шілде айына белгіленіп отыр. Қабылдау емтиханының нәтижесіне қарай студенттер білім гранттары бойынша оқитын болады. Университеттің академиялық бағдарламасында инженерлік, жаратылыстану ғылымдары, гуманитарлық ғылым, бизнес, мемлекеттік саясат, медициналық мектептер қамтылған.
Бұл жоғары оқу орнына студенттер қабылдана бастайтынына тоқталған Н. Назарбаев, «енді үлкен қаржыға шетелге бармай-ақ, барша әлемде бағаланатын білім мен дипломды осында алуға мүмкіндік бар», деді.