Президент Есеп комитеті мен Қаржы министрлігіне бюджетті жоспарлау әдістемесін пысықтауды және Қазақстанның барлық ұлттық қорларын тексеруді тапсырды

О.Өксікбаев Елбасына комитеттің ағымдағы жылдың алғашқы жартысындағы жұмысы туралы баяндады. Атап айтқанда, республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы туралы айтты. Ел экономикасы дамуындағы оң үрдістердің нәтижесінде 2009 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, салық түсімдері 2 пайызға өскені атап өтілді.
- Президент Есеп комитетіне Қаржы министрлігімен бірлесіп бюджетті жоспарлау әдістемесін пысықтауды тапсырды. Бұдан басқа, Мемлекет басшысы Қазақстанның барлық ұлттық қорларын тексеруді және олардың жұмысының тиімділігі туралы баяндауды тапсырды, - деді О.Өксікбаев.
Кездесу барысында Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің бюджеттік бағдарламаларды орындауына, сондай-ақ автомобиль жолдары құрылысына және электрондық үкіметті дамытуға қатысты бөлінген қаражаттарды пайдалануға қатысты бақылау шараларының қорытындылары ұсынылды.