Президент Н. Назарбаев Түркия сыртқы істер министрі А.Давутоглумен кездесті

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен мәлім етті.
Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Мемлекет басшысы екі жыл бұрын басталған Ыстамбұл процесі Ауғанстанның қауіпсіздігін, оның жүйелі және тұрақты дамуын нығайтуға бағытталған көпжақты дипломатияның нәтижелі форумына айналып отырғанын атап өтті.
Кездесуде сондай-ақ, Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестіктің негізгі бағыттары туралы сөз қозғалды. Әсіресе, Түркияның біздің еліміздің маңызды экономикалық серіктестерінің бірі ретіндегі рөлі атап көрсетілді.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Ахмет Давутоглу Қазақстан-Түркия байланыстарын белсенді дамыту, сондай-ақ ұстанымдардың ұқсастығы көпжақты ынтымақтастьқтың кең ауқымдағы өзара түсіністігін қамтамасыз етеді деген ортақ пікірге келді.