Президент тапсырмасы: Үй салуға субсидия, құрылыс кодексі, арзан жемшөп кооперативі
Ауыл тұрғындарына үй салып беретін компания субсидия алады
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев ауылда үй салатын құрылыс компанияларын субсидиялау қолға алынғанын жеткізді.
«Ауыл тұрғындарына жалға берілетін тұрғын үй салушылардың шығындарын субсидиялау тетігі іске қосылды. Осы тетік арқылы ауыл азаматтарына 2 855 тұрғын үй салу жоспарланған (14,3 млрд теңге). Бұдан басқа, ауылда жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру мақсатында жыл сайын 22 мың жер учаскесі инженерлік коммуникациямен қамтамасыз етіледі», - деді ол.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Парламент сессиясында халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе екенін тағы бір еске салған болатын. «Маған азаматтардан күн сайын жүздеген өтініш келеді. Оның ішінде қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді сұраған хаттар өте көп. Бұл түйткіл мемлекет тарапынан мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Тағы да қайталап айтамын, мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді. Тұрғын үй саясаты нарықтағы ахуалға тығыз байланысты. Сондықтан біз осы саладағы саясатымызды қайта қарап, оның мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз етуіміз керек», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстанда құрылыс кодексі әзірленіп жатыр
Құрылыс кодексін әзірлеу мақсатында жұмыс тобы құрылып, жол картасы бекітілді. Бүгінде салалық қауымдастықтар мен институттардың қатысуымен кодекстің алғашқы жобасы әзірленді. Осы айда құрылыс кодексінің жобасы қоғам талқысына ұсынылады.
«Биыл жыл соңына дейін аталған жобаны Мәжілістің қарауына енгізу жоспарланып отыр. Тұтастай алғанда, құрылыс кодексі 4 заңды біріктіреді. Ол сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы, тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу туралы, жеке тұрғын үй құрылысы туралы және әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы. Осылайша құрылыс процесінің циклын жоспарлаудан пайдалануға дейін толық қамтиды», - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға жеңілдетілген несие беріледі
Парламенттің алғашқы сессиясында Президент көтерген келесі мәселе азық-түлік қауіпсіздігі. Өз кезегінде Мемлекет басшысы аталған сала бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыс барысын сынаған еді. «Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру қажет. Ашығын айтсақ, агроөнеркәсіп кешені бұл міндетті толық орындап отырған жоқ. Осы саладағы саясат бірізді емес. Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражат тиімді жұмсалмайды. Өнім өндіруші мен тұтынушының арасында делдал көп», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінгі Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру тетіктерін атап көрсетті.
«Биыл жыл басында тұрақтандыру қорларының жұмысы қайта форматталды. Осылайша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тежеудің үш кезеңдік жүйесі енгізілді. Бұл жерде тұрақтандыру қоры арқылы фермерлерге күзгі және ерте пісетін көкөністерді белгіленген бағамен жеткізуге алдын ала аванс беріледі. Жаңа тәсіл бойынша өңір әкімдіктері жергілікті бюджеттен шамамен 125 млрд теңге қарастырып отыр. Оның ішінде жеңілдікпен несие беруге 99 млрд теңге және тауар өндірушілерден тікелей сатып алуға 26 млрд теңге көзделген», - дейді ведомство басшысы.
Өңірлерде жемшөпті арзан бағада сататын кооперативтер құрылады
Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, кооператив құрудағы мақсат – төрт түлік малды арзан жемшөппен қамтамасыз ету.
«Төрт түлік малды азықпен қамту мақсатында нарық бағасынан төмен бағада сататын сервистік ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жоспарланған», - деді Ербол Қарашөкеев Үкіметте баяндама жасай отырып.
Мемлекет басшысы өз сөзінде сайлау алдында ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту қажеттігі туралы анық айтқанын жеткізген еді. Себебі бұл – маңызды міндеттің бірі. Президент аталған міндетті ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру керектігін, ол үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынатынын айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру басталды. Оның шеңберінде сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласында 7 жыл мерзіммен, жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен микрокредит беріледі. Микрокредиттің ең жоғары сомасы - 8,6 млн теңге, ал ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін - 27,6 млн теңге. Жобаны іске асыруда биыл 17 мың микрокредит беру жоспарымен 100 млрд теңге көзделген, бұл 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», - деді ауыл шаруашылығы министрі.
Мемлекетке қайтарылған жерлер ауыл тұрғындарына мал жаюға беріледі
Е. Қарашөкеев Үкіметте жасаған баяндамасында биыл қосымша 5 млн гектар ауыл шаруашылығы жерін қайтару жоспарымен бөлісті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен біздің министрлік пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтару жұмысын жалғастырады. Биыл қосымша 5 млн гектар ауыл шаруашылығы жерін қайтару жоспарланып отыр. Қайтарылған жерлер бірінші кезекте ауыл халқының мал жаю мұқтажын өтеуге бөлінеді», - дейді ведомство басшысы.
1 қыркүйекте барлық мектеп күзет құралдарымен 100% қамтылады
Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі баяндағандай, бүгінде мектептердің қауіпсіздік деңгейін тексеру жұмысы аяқталды. Жуырда оның қорытындысы жарияланады.
«Алдын ала мәліметке сәйкес, мектеп камералары мен дабыл түймелерін шұғыл басқару орталығына тікелей қосу бойынша проблема бар. Келесі мәселе қауіпсіздікті сапалы түрде қамтамасыз ету. Бүгінде аталған жұмысқа қажетті соманы бөлу бойынша кеңес өткізілді. 1 қыркүйекте бүкіл білім ұйымдары 100% күзет құралдарымен қамтамасыз етіледі», - деп түсіндірді Ғани Бейсембаев.
Дәрігер қателігі үшін жаза жеңілдетілуі мүмкін – заң жобасы
Кәсіби міндетін тиісті деңгейде атқармаған денсаулық сақтау қызметкерлеріне тағайындалатын жазаны жеңілдету қарастырылып жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біздің министрлік «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Заң жобасында медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық құқық бұзушылықтарды ізгілендіру және ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының санкциялық шараларын төмендету жөніндегі нормалар ұсынылды», - деді министр Үкімет отырысында баяндама жасай отырып.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Парламенттің VIII шақырылымының алғашқы сессиясында денсаулық сақтау қызметкерлерінің құқығын қорғау мәселесіне бөлек тоқталған еді.
2030 жылға қарай отандық фильмдер прокаты 35% артады
Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың Үкіметте берген уәдесіне сенсек, қазақстандық кинематографияның халықаралық фестивальдер мен конкурстарға қатысу аясы ұлғаяды. Сонымен қатар отандық фильмдер прокаты арта түспек.
«Мәдениеттің барлық бағытын дамыту және қолдаудың жүйелі шаралары жалғасын табады. Мәдениет пен өнерде жүрген талантты жастарды халықаралық аренаға шығару мақсатында жаңа конкурстар, фестивальдерге қатыстыру жағы қаралып жатыр. Алдағы уақытта мемлекеттік театр репертуарлары жыл сайын кем дегенде бір отандық қойылыммен толығып отырады», - деді Асхат Оралов Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, отандық кинематографияны, оның ішінде жеке кинокомпанияларды дамыту және қолдау шаралары арқылы қазақстандық фильмдердің прокат көлемі 2030 жылға дейін 35% (былтыр 13%) артады.
Қазақстанға келетін шетелдік туристер саны 4 миллионға артатыны туралы болжам жасалды
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Үкімет отырысында туризмді ілгерілету бағытындағы іс-шараларға тоқталып, оның жаңа тұжырымдамаға сәйкес жүргізілетіндігін айтып өтті.
Мәселен, ішкі туристер саны 11 миллионға (2022 жылы 8,6 млн), ал шетелдік туристер саны 4 миллион адамға дейін (2022 жылы – 928 мың) артады деп күтілуде.
«Бұл отандық туризмге құйылатын инвестициялар өсімін 260 млрд теңгеге дейін (өткен жылы 131 млрд теңге) ұлғайтуға мүмкіндік береді. Салада 800 мың адам (былтыр 490 мың адам) жұмыспен қамтылады», - деді ведомство басшысы.
Одан бөлек, министр Қазақстанға визасыз келе алатын елдер саны артатындығын жеткізді.
Ведомство басшысының мәліметінше, визасыз келетін елдер саны 100-ге дейін артады. Былтырғы көрсеткіш - 79 мемлекет.