Президент ТРК журналистері Al Jazeera медиа институтында тағылымдамадан өтті
АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Президенті телерадиокешенінің қызметкерлері Дохадағы Al Jazeera медиа институтында оқу бағдарламасынан өтті.
Апталық арнайы курс қазіргі заманның ең өзекті тақырыптарының бірі — жасанды интеллектімен жұмыс істеуге арналды.
Қазақстандық журналистер контент жасаудағы ЖИ-дің теориялық аспектілерін, мүмкіндіктерін зерделеп, медиаматериалдарды редакциялау, жақсарту және генерациялау үшін түрлі технологияны, сондай-ақ оның құралдары арқылы контент жасауды практикада қолданып көрді.
Арнайы курс қатысушылары құралдарды қолдана отырып, өз жобасын жасады.
Оқыту барысында жасанды интеллектіні қолданудың этикалық аспектілеріне, ықтимал тәуекелдерге және оны пайдалануға жауапкершілікпен қараудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.

Al Jazeera медиа институтының директоры Эман Аль-Амри әлемде қарқынды дамып келе жатқан технологияларға ілесу қиын екенін атап өтті.
— Біз медиа нарықта бағдарланатын және студенттерімізге соңғы трендтерді үйрететін ең үздік оқытушыларды шақырамыз. Мысалы, жасанды интеллект технологиясы әр минут сайын, тіпті сіз бен біз сөйлескен кезде де дамиды. Біз студенттерімізге бірден қолдануға болатын өзекті білімді ұсынуға тырысамыз, — деді Эман Аль-Амри.
Айта кетейік, Al Jazeera Media Institute ҚР Президенті ТРК командасын оқытуы қазақстандық журналистердің кәсіби құзыретін дамыту бойынша ынтымақтастық аясындағы екінші жоба болды.
2024 жылдың ақпан айында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатарға мемлекеттік сапары аясында Президент ТРК және Al Jazeera Media Network ынтымақтастық туралы келісім жасасты.
2024 жылдың сәуір айында «Al Jazeera апталығы» бағдарламасы аясында Maqsut Narikbayev University Халықаралық журналистика мектебінің 100-ден астам студенті қатарлық медиа мамандардан бір апталық оқудан өтті. Астанада 2025 жылдың сәуір айында екінші «Al Jazeera апталығын» өткізу жоспарланған.

ҚР Президентінің телерадиокешені — Қазақстанның ең ірі медиа компанияларының бірі, оның құрамына: Jibek Joly, Silk Way, Silk Way Cinema телеарналары, Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі және Деректі кино орталығы кіреді.
Al Jazeera Media Network — 1996 жылы Қатар әмірінің жарлығымен құрылған халықаралық телекомпания. Бүгінгі таңда әлем бойынша 80-нен астам, оның ішінде АҚШ-та 12 бюросы бар ауқымды корреспонденттік желі 150 елден ақпарат таратады. Компанияда 95 елден 4 мың адам қызмет етеді.