16:13, 12 Наурыз 2009 | GMT +5
Президент Жолдауы азаматтардың дағдарысты еңсеруге деген ынтасын оятты - Б.Досмамбетов
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Сенат депутаты Бақберген Досмамбетов «Президент Жолдауы азаматтардың дағдарысты еңсеруге деген ынтасын оятты» деген пікірде.
Бұл туралы ол бүгін «Нұр Отан» партиясының жетекшілерімен кездесуі барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Біз дағдарыстан аман шығатынымызға сенімдіміз. Өйткені басқа елдерге қарағанда, Үкімет пен Ұлттық банк және өзге құзырлы органдар бірлесе отырып, дағдарыстан шығу мен оны жеңілдетудің жолдарын қарастырып, тиісті шаралар қабылдады. Қазір осы шаралар бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде», деп атап көрсетті сенатор. Оның пікірінше, жағдайдың бұлайша қалыптасуы мемлекетімізде салиқалы, көрегенді саясат жүргізіп отырған Мемлекет басшысының арқасы. «Президент көрсеткен дағдарыстан шығудың жолын қазір әлемдік қауымдастық «қазақстандық жол» деп атады. Президенттің Ресей басылымдарының бірінде жарияланған «Дағдарыстан шығу кілті» мақаласында да тұшымды пікірлер айтылды. Елбасы дағдарыстан шығудың бағыттарына байланысты ойларымен кеше ғана өткен экономикалық форумда да бөлісті. Ал биылғы Жолдауда әсіресе қарапайым халыққа қажетті дүниелерге көп көңіл бөлінді. Ол бойынша Үкіметке тиісті тапсырма да берілді», деді Сенат депутаты. Оның пікірінше, Жолдаудың басты ерекшелігі дүниежүзінде дағдарыс болып жатқандығына қарамастан елдегі стратегялық бағыттардың толықтай сақталуында болып отыр. «Оның ішінде әсіресе әлеуметтік сала бойынша жоспарланған мәселелердің өзгеріссіз қалуы көңіл қуантады», деді сенатор.