Президенттер Н.Назарбаев пен Т.Ильвес екіжақты келіссөздер қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдемеге қол қойды
Мәлімдемеде екі елдің Мемлекет басшылары 1992 жылғы 27 мамырда орнатылған дипломатиялық қарым-қатынастың басталған сәтінен бері Қазақстан мен Эстония арасындағы екіжақты қарым-қатынаста болған айтарлықай ілгерлеушілікті атап өткен және тараптардың Эстония Республикасы мен Қазақстан Республикасында өздерінің дипломатиялық өкілдіктерін ашу туралы өзара ниетін қолдаған.
Қазақстан үшін Эстонияның Еуропалық Одақтағы маңызды әріптесі ретіндегі рөлі мен Эстония үшін Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды әріптесі ретіндегі рөлі мойындалған.
Екі ел Президенттері Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы Жаңа базалық келісім туралы келіссөздерді барынша тез бастауға шақырды.
Бірлескен мәлімдемеде айтылғандай, тараптар БҰҰ, ЕҚЫҰ мен басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы тиімді ынтымақтастықты одан әрі арттыруға мүдделі. Тараптар 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада өткен ЕҚЫҰ Мемлекет басшылары мен үкімет басшылары Саммитін 11 жыл бұрын өткен жоғары деңгейдегі кездесуден кейінгі және Орталық Азия аумағындағы алғашқы саммит ретінде тарихи оқиға жатқызды.
Тараптар сондай-ақ «Астана декларациясында» қабылданған ЕҚЫҰ-ның ұстанымдары мен міндеттерін қуаттауды жақтап, Декларацияда айтылған мақсаттарға қол жеткізуге жұмсалатын күш-жігерді жалғастыруға деген ниеттерін қуаттады.
«Сапар барысында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасы Үкіметінің арасындағы инвестицияны ынталандыру мен өзара қорғау туралы Келісімге қол қоюды құптай отырып, тараптар аталмыш келісім бірлескен кәсіпорындар құруға, өзара инвестицяның алға басуы мен артуына жақсы жағдай жасайды деген сенімдерін білдіреді», - делінген құжатта.
Мәлімдемеде сондай-ақ Қазақстанда жаңа сауда флоты мен қосалқы флот құру туралы бірлескен жобаны жүзеге асыруға, сонымен қатар кеме жасау және құрастыру саласындағы ынтымақтастыққа деген мүдделілік айтылған.
Көлік саласындағы және Еуропалық Одақ пен басқа да елдерге жөнелтілетін қазақстандық тауарларға арналған эстон порттарында бәсекеге қабілетті жүк тасу және бөлу орталықтарын салу саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі әл-қуаты аталып өтілген.
Тараптар жанатын сланец жыныстарын және энергия өндіру үшін Шығыс Қазақстан облысындағы Кендірлі кен орнында жанатын сланец жынысын қазу мен өңдеуге арналған жаңа технологияларды пайдалану жөніндегі жобаны жүзеге асыруға деген қызғушылық танытып, сапар барысында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Эстония Республикасының «Eesti Energia» акционерлік қоғамы арасындағы мүдделілік туралы тиісті Меморандумға қол қоюды құптады.
Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат министрлігі мен Эстония Республикасының Экономика және коммуникация министрігінің арасында 2011 жылдың 14 ақпаны күні қол қойылған ақпараттық және коммуникациялық технологиялар саласында өзара түсіністік туралы Меморандумды қолдай отырып тараптар осы саладағы ынтымақтастықты жалғастыруға деген әзірліктерін қуаттады.