Президенттің ұлтаралық бірлікті нығайтуға бағытталған салиқалы саясатына ұлттық азшылық дән риза - Мәжіліс депутаты
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунның Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесуі барысында Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының форум ұйымдастырып, еліміздің дамыған, демократиялы ел болуы үшін және қазақстандықтардың бақуатты өмір сүрулері үшін елдегі барлық ұлттардың өкілдерінің басын қосып, ортақ мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін институт құру қажеттігін айтқан. Бүгінгі Қазақстан халқы Ассамблеясы осындай қоғамдық институтқа айналды. Біз онда барлығымыз жиналып, өзіміздің мәселелерімізді талқылаймыз», деді депутат.
Сонымен қатар ол бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстанда туылып, бұрыннан өмір сүріп келе жатқан өзбек халқының өкілдері шоғырланғанын жеткізіп, «Біз Кеңес Одағы тұсында өзіміздің бірде-бір басылымымызды шығара алмай дал болған едік. Ол үшін кезінде біздің өкілдеріміз Мәскеуге дейін барған болатын. Бірақ қолға алған іс нәтижесіз қалды. Ал бүгінде Қазақстан басшысының дара саясатының арқасында және елдегі демократиялық үдерістердің нәтижесінде елде 30-дан астам өзбек тіліндегі басылымдар шығып жатыр», деп атап көрсетті.