Профессор Ислам Қабышұлы: Н.Назарбаев - түркі тарихындағы ғасыр тудырған замана перзенті

БЕЙЖІҢ-ҰЛАН-БАТЫР. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев - түркі тектес халықтар тарихындағы Шыңғысхан мен Ататүріктен кейінгі ғасыр тудырған замана перзенті. Бұл пікірді Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау іс-шараларына қатысқан Моңғолия Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, аудармашы, публицист, драматург, Халықаралық түркі-моңғол зерттеу орталығының президенті, Моңғолиядағы қазақ диаспорасының «Алтын орда» мәдени орталығының бас директоры Ислам Қабышұлы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.
None
None

- Ислам аға, sonin.mn сайтында моңғол тілінде «Казахын хаант улсын 550 жилд: Эрин зууны манлайлагчийн зам» атты мақалаңыз жарияланған. Оның мағынасын қысқаша айтып өтсеңіз?

- Бұл публицистикалық мақала қазақшаға «Замананың заңғар тұлғасының ұлағатты жолы» деп аударылады. Оны мен «Өдрийн сонин» (Daily news) газетіне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың моңғол тіліне аударылған «Жылдар мен ойлар» кітабының тұсаукесеріне орай жаздым.

Мақаламда Қазақ хандығының 550 жылдығы жөнінде өзіңе берген сұхбатта ( http://www.inform.kz/kaz/article/2785727 ) айтқан ойларымды кеңінен жаздым. Біріншіден, түркі тектес 7 республика, 28 ұлт пен ұлысты құрайтын 230 миллион халықтың ана жұрты болушы қазақ елі екендігін қайтадан көрсеттім.

Екіншіден, тек Қазақстан ғана емес жалпы түркі-моңғол халықтарының тарихында Ұлы тұлға болып қана қоймай, әлемге Қазақстан халқының даңқын асырған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлағатты жолын сараптай келе, оның есімі Шыңғысхан, Мұстафа Кемал Ататүріктен кейінгі ғасыр тудырған замана перзенті ретінде тарих парағына алтын әріппен жазылуы тиіс деп жаздым.

- Бұл ойыңызды қалай дәлелдедіңіз?

- Тарихтағы ұлы тұлғаларды асыра мадақтау да және оның ұлағатты ісін жоққа шығару да ағаттыққа апарып соқтыратыны шындық. Тарихты халық жасайды, кейін ел тарихын тарихшы ғалымдары жазып-сызатыны ақиқат.

Шынғысханның басқа патшалардан артықшылығы, ұлағатты ұлы ісі - өзара қырқысқан қалың тайпалар мен руларды бір тудың астына жинап, хандық құрғаны (...) Мұстафа Кемал Ататүрік бес ғасыр дәуірлеп, ақыры көзге түрткі болып құлдыраған Осман сұлтандығының басын қосып, бір тудың астына біріктірген.

Ал Нұрекең болса, 138 ұлт пен ұлысты жұдырықтай жұмылдырып, Ассамблея құрып, ұлтаралық қақтығыс пен дінаралық шайқастарды болдырмады. Соның үстіне Будда, Христиан, Ислам діндерінің белді тұлғаларының басын біріктіріп, 5 ұлы құрылтайын Астанада өткізген. Бұны көрген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның сөзімен айтқанда «Қазақстан әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың, ел бірлігінің, өркениет пен еркіндіктің отанына айналуы» іс жүзінде Елбасының көреген көсемдігінің нәтижесі еді (...) Ұлан-ғайыр мемлекетінің астанасын бір қиырдан бір қиырға көшіріп, жаңа астана тұрғызу кімді де болса таңдандырғаны шын. Мұның өзі ұлт тұлғасының ұтымды батылдығы мен батыл батырлығының куәлігі.

Елдің атын ері шығаратындықтан ғасырға татырлық ғажайып іс тындырған Елбасына соңғы 25 жыл ұдайы Қазақ елі сенім жүктеп, үлкен үміт артып отыр. Басқадай билік басындағылардан оның ерекшелігі өз халқының өткен тарихының білгірі - тарлан тарихшысы, мәдениет майталманы бесаспап, сегіз қырлы бір сырлы әмбебап экономист, ғылым докторы сұңғылы көрегендігімен кемеңгерлік саясаттың даланың даналық қасиетін бойына сіңіріп, кісілігімен ел көзіне көріне білген тұлға. Қазақ пен орыс халқының тарихы мен мәдениетін жетік меңгерген ол осы егіз елдің сиқырын да сырлы тілін майын тамызып сөйлегеніне таңдай қағып таңданасың.

Көптеген елдердің президенттері мен саясаткерлері шешен болғанымен қос тілде қосарлана ойлап толғануы соншалықты көп болмайды. Қайсібір елбасылары публицист, тарихшы, экономист болғанымен Нұрекеңдей әмбебап, жүйрік қиял, ұшқыр ой, салиқалы саясаткер, сындарлы би, бауырмашылығымен көп ұлтты бауырына басып, ұлттардың ұйтқысы болған көшбасшылар саусақпен санарлықтай ғана.

Нұрсұлтан Назарбаев тарих жылын жариялап, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын белгілеп өткізуі көрегендік. Бір халықты қор санап, бір халықты зор санамай өзін асқар тау басқаны адыр төбедей төмендетпей тарихты дұрыс саралау үшін ежелден бергі елдігін ел есіне мәңгі ұялату үшін істеген ұлы оқиға болып бағалануы орынды.

- ҚазАқпарат оқырмандарын Қазақ хандығының 550 жылдығымен және Тұңғыш Президент күнімен қалай құттықтайсыз?

- XXI ғасыр - қазақ халқының «алтын ғасыры» деп ойлап отырмын. Неге дегенде, биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 70 жылдығына орай Мәскеуде өткен іс-шарада Владимир Путин мен Си Цзиньпиннің жанында Нұрекең тұрды. Өйткені бұл қазақ халқының Екінші дүниежүзілік соғыста үлкен үлес қосқандығының белгісі. Екіншіден, Азияға төнген қауіпті (жапон шапқыншыларымен соғыс) еңсеруіне орай жеңістің 70 жылдығын Бейжіңде тойлағанда Си Цзиньпин мен В.Путиннің жанында Кореяның Президенті Пак Кын Хемен бірге Нұрсұлтан Назарбаев тұрды ғой. Сондықтан бұл қазақ халқының «алтын ғасыры» - қазақ халқын әлем таныды, ал әлем таныған қазақтың көсемі - Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл қазақтың бағы, бүкіл түркі тектес халық оны мақтан тұтып отырмыз.

Сіздер бақытты халықсыз, сіздің ұрпақтарыңыз бақытты! Тәуелсіздіктің 24 жылдығы атқан таңдай, атылған оқтай қысқа мерзім. Соның ішінде Қазақстанның мынадай үлкен әлемге танылғаны, осындай халықтың абыройын әлемге танытқан Қазақ елінің «алтын ғасыры». Қазақтың жері де, пиғылы да кең, 138 ұлтты бір ананың баласындай баптап отырған Қазақстаннан басқа бірден бір ел жоқ.

«Досты сүйіндіріп, дұшпанның мысын басатын» осы шабыстан айырылмаңдар. Сіздер бақытты, төтенше бақытты халық дейтінім, осы тойдың үстінде Байқоңырдың қасиетті жерінен ұшқан үшінші ғарышкеріңізді тосып алғандарыңды біз өз көзімізбен көрдік.

Алыста шалғайда жүрген Қазақ елі атынан Қазақ хандығының 550 жылдығымен, сондай-ақ Тұңғыш Президент күнімен қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын!

- Рахмет, Ислам аға! Сізге зор денсаулық және шығармашылық табыс тілейміз!

Автор: Садық Әкіжанов

Соңғы жаңалықтар