Прокуратура заңсыз қабылданған шешімнің күшін жойды - Қызылорда облысы
аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі мемлекеттік мекемесі ғимаратын қайта жаңғырту және күрделі жөндеуден өткізуге байланысты жариялаған конкурсы жайын тексерді. Нәтижесінде бірқатар кемшіліктердің сыры ашылды. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Тексеру барысында прокуратура қызметкерлері мына жәйттерді анықтады: Аудандық құрылыс бөліміне «Сырдария аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің ғимаратын қайта жаңғырту және күрделі жөндеу» жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 52 634 000 теңге бөлінген. Осыған орай аталмыш бөлім конкурстық тәсілмен электрондық мемлекеттік сатып алу өткізеді. Оның барысында конкурстық комиссия «Иман Исхан», «Касиет-строй», «ЭнергоТехСтрой», «Сәулет», «ТАНА-БМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін конкурсқа қатысуға жібермейді. Ал «Ақмешіт-Мелиоратор», «Строительная компания Ер-Канат Сервис», «Майдан-Құрылыс», «Қоныс-Сән» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері ұсынған конкурстық өтінімдер конкурстық құжаттамада белгіленген талаптарға сәйкес деп танылған. Қорытындыда «Строительная компания Ер-Канат Сервис» ЖШС конкурс жеңімпазы атанады.
«Қызылордамемсараптама» еншілес мемлекеттік кәсіпорны Қазақстан Республикасында қолданылатын мемлекеттік нормативтер талаптарына сәйкес деп танылған «Сырдария аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің ғимаратын қайта жаңғырту және күрделі жөндеу» жұмыс жобасының сыртқы су жүйесіне қатысты жұмыстарға байланысты сметасында ұзындығы 0,0965 км болатын диаметрі 50-65 мм труба жүйелерін дезинфекциямен жуып-шаю жұмыстары қарастырылған. Өз кезегінде «Лицензиялау туралы» Заңының 26-бабы талаптарына сәйкес дезинфекциялау, дератизациялау құралдары мен препараттарын өндiру, қайта өңдеу және өткiзу, сондай-ақ оларды пайдалануға байланысты жұмыстар мен көрсетiлетiн қызмет түрлерін жүргізу үшін лицензияның болуы талап етілетіні белгіленген.
Дегенмен, тексеру барысында конкурсқа қатысуға жіберілген «Строительная компания Ер-Канат Сервис» ЖШС-нің дезинфекциялауға байланысты қызмет түрін өткізу үшін лицензия ұсынбағаны анықталды. Бұл ретте, «Строительная компания Ер-Канат Сервис» ЖШС ұсынған конкурстық өтінім конкурстық құжаттамада белгіленген талаптарға сәйкес болмауы себепті конкурсқа қатысуға жіберілмеуі тиіс еді.
Конкурстық комиссия төрағасы мен мүшелері өздерінің түсініктерінде бұл жұмыстарға тиісті лицензияның болуы қажеттілігі жөнінде білетіндерін, аталған жұмыс (дезинфекциялау) көлемінің аз болуына байланысты «Строительная компания Ер-Канат Сервис» ЖШС-де бұл жұмыстарға лицензиясының болмағанымен, соңғысы ұсынған конкурстық өтінім бекітілген конкурстық құжаттамаға сәйкес деп танылғанын көрсеткен.
Тексеру барысында, конкурстық өтінімдері конкурстық құжаттамаға сәйкес деп танылған «Ақмешіт-Мелиоратор», «Майдан-Құрылыс» және «Қоныс-Сән» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің дезинфекциялауға байланысты қызмет түрін өткізу үшін тиісті құжаттардың ұсынғаны белгілі болған.
Осылайша, конкурстық комиссия «Строительная компания Ер-Канат Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне табыс алуға байланысты кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруда заңдарда көзделмеген жәрдем көрсетіп, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның 12-бабы 1-тармағы 5-тармақшасында көзделген сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылыққа жол берген.
Жоғарыдағылардың негізінде, заңдылықты бұзушылықтарды ескеріп, аудандық прокуратура аудандық құрылыс бөліміне «Сырдария аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің ғимаратын қайта жаңғырту және күрделі жөндеу» жұмыстарына өткізілген конкурс тәсілімен электрондық мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстық комиссияның хаттамалық шешімдерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарына сәйкестендіру туралы наразылық келтірді. Қазір ол толығымен қанағаттандырылып отыр.