Прокурордың наразылығы бойынша Осакаровка кентінде оқушылар бұдан былай көше жинамайтын болды

Бұл туралы аудан прокурорының орынбасары Еркін Жалмағанбетов мәлім етті.
«Прокуратураның сенім телефонына оқушыларды сабақ кезінде мектеп жанындағы учаскеге жатпайтын аумақтарды тазалауға шығару фактісі туралы хабар түсті», деп түсініктеме берді прокурордың орынбасары. Тексеру жүргізген прокуратура қызметкерлері, сабақ болуы керек уақытта - таңғы сағат 10 мен 11-дің аралығында - бірнеше мектептің 150 оқушысының көше бойындағы аумақтарды жинап жатқанын анықтады.
Прокуратура білім мекемесі лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттерін көрсетіп, наразылық енгізді. «Осакаровка ауылының барлық мектептерінің жүздеген оқушысы оқу бағдарламасында қарастырылған білімді алудың орнына, білім бөлімінің лауазымды тұлғаларының нұсқауы бойынша көшелерді жинаумен айналысқан. Бұл балалардың орта білім алуға деген конституциялық құқықтарын, сондай-ақ «Білім туралы» және «Бала құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының заңдарын дөрекі бұзу болып табылады», деп атап көрсетті Е.Жалмағанбетов.