07:48, 30 Сәуір 2013 | GMT +5
Прокурорлар шағын футболдан турнир өткізді - Қызылорда
ҚЫЗЫЛОРДА. 30 сәуір. ҚазАқпарат - Қызылордада прокуратура органдары қызметкерлері Қазақстанның тұңғыш прокуроры С. Есқараевтың туылғанына 115 жыл толуына және Жеңіс күніне орай шағын футболдан турнир өткізді.

Жарысты облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов құттықтау сөз сөйлеп ашып, сала қызметкерлерінің физикалық дайындылығы да маңызды екенін атап өтті.
Сондай-ақ турнирге ҚР Футбол федерациясының вице-президенті Михаил Гурман облыстық спорт және туризм басқармасының бастығы Садық Мұстафаев қатысты.
Турнир қорытындысында Қызылорда қаласы прокуратурасының «Барыс» командасы бірінші орынды жеңіп алса, облыстық прокуратура командасы екінші орынға табан тіреді. Ал Қармақшы, Жалағаш, Сырдария ауданынан құралған команда үшінші орынды еншіледі.
Бәсеке жүлдегерлеріне облыстық прокуратураның дипломдары мен кубоктары табыс етілді. Ал үздік ойыншылар Жеңіс күніне арналған жиында марапатталатын болады.