«Протонның» құлауына байланысты залалсыздандыру жұмыстары қолға алынды
Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Апаттың себеп-салдарын анықтау мақсатымен Байқоңыр қаласында да іс-шаралар өткізілді. Осы өңірдегі Ресей тарапы әкімшілігі басшысы міндетін уақытша атқарушы Анатолий Петриенко тапсырмасымен арнайы штаб құрылып, атқарылатын жұмыстар пысықталды. Олар Қызылорда облысы жағынан бөлінген мамандармен бірлесе жұмыс істеп, қауіпсіздік шарасын қатаң бақылауға алған. Байқоңыр ғарыш айлағына жақын орналасқан Қазалы ауданы мен Қармақшы ауданынан да бірнеше адам және техника апат болған аймаққа келіп жетті. Облыстық ішкі істер департаменті тарапынан бөлінген қызметкерлер де апаттың себеп-салдарын анықтауға кіріскен комиссия мүшелерінің алаңсыз жұмыс істеуін қамтамасыз етті.
Сонымен, кеше сағат 12:00-де мамандар апат болған жерден сынама алды. Алғашқы тексеру нәтижесі зиянды заттың шекті мөлшерден аспағандығын көрсетті. Экологтар сағат 16:00-де Байқоңыр қаласы төңірегі мен Ақай және Төретам ауылдары тұсынан қосымша сынама алып, улы зат концентрациясы қалыпты деген қорытынды жасаған. Соған қарамастан жергілікті билік сол маңдағы тұрғындарға алғашқы кезде есік-терезелерді жауып алып, үйден шықпау туралы нұсқама берген. Тіпті дүкендер жабылып, жол қозғалысы да тоқтаған.