Р. Халмурадов: Біз жұмыс істемейміз де, жылдың соңында оралмандар өтініш берген жоқ деп қаржыны қысқарта саламыз

АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Біз жұмыс істемейміз де, жылдың соңында оралмандар өтініш берген жоқ деп қаржыны қысқарта саламыз. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы жобасын таныстыруға арналған отырыста депутат Розақұл Халмурадов мәлім етті.
None
None

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі Оралмандарға әлеуметтік көмек көрсету атты бағдарлама бар. 2011-2013 бюджетті қарағанда осы бағдарлама бойынша 12 млрд. 169 млн. теңге қарастырылған болатын. Заң қабылданғаннан соң 2 айдан кейін, аталған министрлік, бұл қаржыны игере алмаймыз деп ақпандағы нақтылау кезінде, оны 6 млрд. 866 млн. теңгеге түсірді. Енді қыркүйекте тағы сол бағдарламадан 1 млрд. 540 млн. теңге азайтып отырмыз. Енді оралмандарға көмектесуге 5,3 млрд. теңге қалып отыр»,-деді депутат.

«Келтірілген себептерге қарағанда, бұл көшіп келу квотасына енгізу үшін оралмандар отбсылары өтініштерінің санының азаюына байланысты деп түсіндіреді»,-деп тоқталды халық қалаулысы. Оның пайымдауынша, бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылмаса ілгерілеушілік болмайды. «Бұқаралық ақпарат құраларында қарасаңыздар, Қытай Үрімшісінде төлқұжаттық визалық қызметте көптеген этникалық қазақтар түні-күні жатып виза ала алмай жатыр. Яғни, біз өзіміз жұмыс істемейміз де, жылдың соңында олар өтініш берген жоқ деп қысқарта саламыз»,-деп күйінді депутат.

«Осыған біреу жауап бере ме, әлде осылай жалғаса бере ме?»,-деп түйіндеді Р. Халмурадов.

Естеріңізге сала кетейік, 7 қыркүйектегі Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижан ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановқа Өзбекстанда тұратын қандастарымыздың Қазақстанға оралуындағы қатаң тәртіптерді шешуге байланысты депутаттық сауал жолдаған еді. «Тарих пен тағдыр тауқыметіне орай 5 миллиондай этникалық отандастарымыздың әлемге тарыдай шашырап кеткені баршамызға мәлім. Елбасы Н. Назарбаев көші-қон саясатын ұлттық саясаттың өзекті саласы ретінде қарастыруына сәйкес, қазіргі кезде 1 млн. адамға жуық бауырларымыз тарихи отанына келіп үлгерді»,-деді халық қалаулысы. Дегенмен де соңғы уақытта Өзбекстанда тұратын қандастарымыздың Қазақстанға оралуына қолдан кедергі жасалуда. «Туыстас мемлекеттің шенеуніктері этникалық отандастарымыздың Өзбекстан азаматтығынан шығу тәртібін бұрынғыдан да қатаңдата түскені мәлім болып отыр»,-деді У. Қалижан. Депутаттың айтуынша, бұдан 7 жыл бұрын дәл осындай қатаң талаптар болған көрінеді. «Ол Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның араласуымен шешіліп, Қазақстан азаматтығын алудың жеңілдетілген тәртібі енгізілген болатын. Қалыптасқан жағдайға орай бұл мәселені дипломатиялық жолмен реттеп, шешуді сұраймын»,-деді депутат Е. Қазыхановқа бағыттаған сауалында.

Соңғы жаңалықтар