Речь Посполита жерінде «Қазақ киіз үйі» орын тепті
деп хабарлайды Қазақстанның Польшадағы Елшілігінің баспасөз қызметі.
Наурыздың 1-інен бастап Варшавада «Қазақ киіз үйі». Владыслав Соколовки. Өнер, мәдениет, білім, халықаралық консалтинг және сауда орталығы» (www.jurta.com.pl , e/mail: sokolowski@jurta.com.pl ) жаңа ұйымы ашылды. Оны поляк дипломаты және қоғам қайраткері, Польшаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі (2003-2006 жж.), поляктың «Менің Қазақстаным» үкіметтік емес ұйымының төрағасы Владыслав Соколовски құрды.
Қазақстан мәдениеті мен өнерін бағалай білетін ол қазақ киіз үйінің ішін жасаулап, қазақ музыкалық аспаптарын, бас киімдерді, керамика мен қоладан жасалған шеберлердің көне жәдігерліктерін қойды.
Польшадағы Қазақстан Республикасының елшісі Алексей Волковпен кездесуде В.Соколовски «Қазақ киіз үйі» ұйымы Қазақстан мен Польша арасындағы мәдени-гуманитарлық және іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниеттеніп отырғанын жеткізді. 2010 жыл Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық жылы болып жарияланғандықтан биылғы жылдың өзінде бірқатар ірі шаралар жоспарланып отыр. Айталық жазда Польшаның Балтық жағалауында «Қазақ киіз үйі - ғарыштық өлшем» көрмесі ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ «Қазақ жерінің көрнекті ойшылдары» фотогалереясын ашу ойда бар. Келешекте мұнда конференциялар, бизнес-форумдар мен семинарлар өткізілмек.