17:16, 14 Наурыз 2009 | GMT +5
Ресей қазақстандық әріптестеріне ЕҚЫҰ-ға төрағалық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетеді - РФ Сыртқы істер министрі С.Лавров
МӘСКЕУ. Наурыздың 14-і. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Мәскеуде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Марат Тәжиннің ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен кездесуі аяқталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Кездесуден кейін баспасөз өкілдері алдында мәлімдеме жасаған Сергей Лавров, бүгінгі келіссөз жоғары деңгейде қабылданып жатқан келісімдерге сәйкес, ресей-қазақстан қатынастарын біртіндеп жоспарлы дамытуға деген екі елдің мақсатын қуаттап отырғанын атап көрсетті. «Біз сауда-экономика саласындағы, ЕурАзЭҚ-тың да, құрылып жатқан Кедендік одақтың аясында да екіжақты қарым-қатынастардағы ықпалдастық үдерістерді дамытудағы өзара іс-қимылдардың маңыздылығын атап көрсеттік» , деді Лавров өз сөзінде. Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының басшысы Марат Тәжин өз сөзінде, жаһандық және аймақтық экономикалардағы бүгінгі қиын кезеңге қарамастан, экономикалық саладағы ресей-қазақстан ынтымақтастығының бірізді дамып отырғанын атап көрсетті. «2008 жылдың соңында Қазақстан мен Ресейдің арасындағы сауда айналымының көлемі 20 миллиард АҚШ долларын құраған болатын, бұл біздің арамыздағы қарым-қатынастың экономикалық мазмұнының ауқымдылығын, даму қарқынын да көрсетіп отырғанын аңғартады», деді Марат Тәжин.Қазақстан министрі сондай-ақ, екі елдің аймақтық шекаралас ынтымақтастығына да тоқталды. Министрлер ағымдағы жылдың мамыр айында Мәскеуде Шанхай ынтымақтастығы ұйымының ұйытқы болуымен өткелі отырған Ауғанстан жөніндегі халықаралық конференцияға жүргізіліп жатқан дайындықтар туралы хабардар етті. Келіссөз барысында министрлер Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына алдағы төрағалығын да талқылады. Сергей Лавров, «Ресей төрағалық кезеңде қазақстандық әріптестеріне жан-жақты қолдау көрсетеді», деп атап көрсетті. Марат Тәжин өз сөзінде, осы мәселе бойынша тұрақты қолдау көрсеткендері үшін ресейлік тарапқа алғысын білдірді.