Ресей командасы қазақстандық ұйымдастырушылардың олимпиада өткізу тәжірибесіне арқа сүйейді (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ресей командасы қазақстандық ұйымдастырушылардың олимпиада өткізу тәжірибесіне арқа сүйейтін болады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Алматыда информатикадан өткен халықаралық олимпиаданың жабылу салтанатында РФ делегациясының жетекшісі Владимир Кирюхин айтты.
None
None

«РФ делегациясының түрлі бағыттағы жұмыс топтарына қазақстандық әріптестерімен кеңесіп, олимпиада өткізу жайлы бар мағлұматты білу тапсырылды. Бұл тәжірибе бізге олимпиада өткізу кезінде өте керек болады. Жақын арада ұйымдастыру комитетінің кеңесі өтеді. Онда әр жұмыс тобының жұмыс жоспары бекітіліп, белсенді дайындыққа кірісеміз. Әсіресе, келушілерді орналастыру, көлікпен қамту, олардың жұмысын ұйымдастыру, тамақтандыру, вентиляция, сапалы қызмет көрсету мәселелері бойынша кеңесіп жатырмыз. Сырттан қарағанда барлығы осылай болу керек сияқты болып тұрады. Бірақ оның артында қанша команданың ерен еңбегі тұр. Техникалық мәселе, компьютерлік залдарды, сайыс өтетін алаңды жабдықтау оңайға түспейді», - деді ол.

Владимир Кирюхин Алматыға келген 83 елдің барлығына шақырту жіберілетінін айтты. «Саяси жағдайға байланысты виза бермеу деген сияқты мәселе болмайды. Біз бәріне ашықпыз», - деді ол.

Ресейлік маман олимпиада тапсырмаларының жақсы жасалғанын жеткізді.

«Бірінші турда максималды 300 балды 4 бала жинады. Бұл тапсырмалардың қиын болса да шешуге болатындығын көрсетті», - деді Ресей өкілі.

Айта кетейік, шілденің 26 мен тамыздың 1 аралығында əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында информатикадан халықаралық олимпиада өтті. Оған әлемнің 83 елінен 630 делегат келді.

Отандық құраманың еншісінде 4 медаль бар екендігін атап өту керек. Бекжан Бекболатұлы мен Мейрамбек Өмірзақ, Найзабек Алтыбай (415 және 414, 402 балл) күміс медальді еншілесе, Данияр Маминов 323 балмен қола медальға қол жеткізді.

Сайыстың абсолютті чемпионы Оңтүстік Кореядан келген Джи Хак Юн екенін айта кету керек. Одан кейін ресейлік Михаил Ипатов - 561 балл, АҚШ-тан келген Эндрю Хе 555 балмен үшінші орынға тұрақтады.

Соңғы жаңалықтар