Ресейдің Қазақстандағы Елшісі М.Бочарников ҰОС ардагерлерін Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады

АСТАНА. 4 мамыр. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы Ресейлік ғылым және мәдениет орталығында Ұлы Жеңістің 66 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құрметтеуге арналған мерекелік шара өтті.
None
None

Оған соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, «Естелік» ардагерлер клубының мүшелері қатысты.

Мерекелік шараны құттықтау сөзімен ашқан Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Михаил Бочарников: «Ұлы Жеңіс таңының атқанына биыл 66 жыл болды. Бірақ қанша жылдар өтсе-дағы сол сұрапыл күндер туралы, сол кездегі бір мемлекеттің халқы, қазіргі бауырлас мемлекеттер өкілдерінің бастарынан өткерген сындарын ешкім ұмытқан жоқ», - деді.

Өз құттықтауын сондай-ақ Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысқан, отставкадағы полковник Петр Комиссаров білдірді. «Мен 1945 жылы 1 мамыр күні өткен бірінші шеруге және сол жылы 24 маусымда ұйымдастырылған шеруге қатысқан ардагермін. Жыл сайын осы даталарға жақындаған сайын өзімді шеруде тұрғандай сезінемін», - деді ол.

Ол, Қазақстанда 1935 жылдан бері тұратынын және Қазақстан оның көзінің алдында қалыптасқанын айтты. «Қазір Астана кезіндегі Ақмолаға мүлдем ұқсамайды. Оның алыптығы сондай, адасып кетуге болады. Барлық қазақстандықтарды алдағы мерекемен құттықтаймын. Зор денсаулық, ұзақ өмір тілеймін», - деп ағынан ақтарылды ардагер.

Жеңіс мерекесі құрметіне Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен ардагерлеріне арналған орталық клиникалық госпиталь Ресейлік ғылым және мәдениет орталығында өзінің кітапхана қорынан көрме ұйымдастырды. Оған Жеңістің 65 жылдық мерейтойы құрметіне госпитальға Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен оқытушылары сыйға тартқан жұмыстар қойылды. Шығармашылық көрме мұрағаттық құжаттармен және қызыл әскер жауынгерлерінің қаруларымен толықтырылды. Аталмыш госпитальдың бастамасы бойынша «Досыңа кітапты сыйға тарт» акциясы ұйымдастырылды. Астана тұрғындары жинаған кітаптар Қазақстандағы ресейлік отандастар арқылы Ресейдің госпитальдарының біріне сыйға жіберілетін болады.

Бұл қазақстандық ардагерлерге Ресейден жіберілген кітаптардың алғысына ұйымдастырылған жауапты акция болып табылады.

Соңғы жаңалықтар