Ресейдің сот органдары өкілдерінен құралған делегация Астанаға жұмыс сапарымен келді

«Біздің елдер арасында ортақ мәселелер жетерлік. Бізде сот құқығы жүйесі ұқсас, бізді Бірыңғай экономикалық кеңістік байланыстырады, онда басты рөлді Қазақстан мен Ресей ойнайтыны анық. Сіздердің сапарларыңыз екі жаққа да жемісті әрі пайдалы болады деп сенеміз», - деді ҚР Жоғары Сотының соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары Жазбек Әбдиев меймандарға қаратып айтқан сөзінде.
Делегация құрамында РФ Жоғары Соты Сот департаментінің бас директоры Виктор Агеев, Кострома облыстық және Солтүстік Кавказ округтік әскери соттарының төрағалары, Сот департаментінің басқарма басшылары, «Правосудие» ақпараттық-аналитикалық орталығы» федералдық мемлекеттік бюджеттік мекемесінің жетекшісі Леонид Юхневич және тағы басқалары.
«Біздің сот қызметі көп қырынан ұқсас десе де болады. Біздің сапарымыздың аясында бірқатар кездесулер өтеді деп жоспарлануда. Біз қабылдаушы тараппен жемісті әріптестік орнатуға мүдделіміз», - деді өз кезегінде В. Агеев.
Ресейлік делегаттар Қазақстанның сот қызметімен және сот өндірісі жүйесімен танысты. Сонымен қатар, Ұлт жоспары аясында атқарылып жатқан сот жүйесіндегі жаңашылдықтармен де қанықты.
Шетелден келген судьяларға ҚР Жоғары Сотының «Төрелік», «Е-мамандар», ішкі портал, «Сот кабинеті» ақпараттық қызметтері таныстырылды. Сондай-ақ, ҚР Жоғары Соты, жергілікті соттар мен ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қатысуымен өткен бейнеконференцияға қатысты.
Іс-сапар кезінде делегаттар Астана қаласының сотына бас сұғады деп күтілуде. Онда қонақтарға «Сот құжаттарымен танысу», «Сот істерін қарау күнтізбесі», «Мемлекеттік баж салығын төлеу», «Сот шағымы», «Талон беру», «СМС Хабарламаларды алу» сынды бірқатар ақпараттық жүйелердің жұмысы көрсетіледі.