Ресей және шетелдік БАҚ Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапары жайында не жазды – шолу

АСТАНА. KAZINFORM – Бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік сапарын жан-жақты талқылап жатыр. Осыған орай шетелдік БАҚ не жазып, Қазақстанның көпвекторлығы жайында не айтып жатқанын Kazinform агенттігінің шолуынан оқыңыздар. 

екі елдің басшысы
Фото: Коллаж: Сanva / Aqorda

Мемлекеттік сапар қарсаңында «Российская газета» басылымында Қазақстан Респубилкасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы «Мәңгілік достық – халықтарымызға жол сілтер темірқазық» деген тақырыппен жарық көрді. Мақала кеңінен қызығушылық туғызды: көптеген ресейлік БАҚ басты дәйексөздер келтіріп, елдеріміздің халықтарының тарихи жақындығына, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың стратегиялық маңыздылығына ерекше көңіл бөлді.

«Независимая газета» Қазақстан Президентінің мақаласын талқылай келе, жарияланымның үндестілігіне және негізгі екпінге назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей халықтарының тарихи жақындығын тағы да мән беріп, ғасырлар бойы иық тірестіре өмір сүріп, қуаныштты да, сынақты да бөліскенін, Еуразияның ортақ мәдени кеңістігін қалыптастырғанын атап өткенін еске салады.

Қазақстан мен Ресейдің сыртқы саясаттағы бағытының өзгермейтіндігіне айрықша екпін берілген. Қазақстан Тәуелсіздік алған сәттен бері Ресеймен достық қарым-қатынастарды нығайтуға зор маңыз берді. Бұл сыртқы саясаттың басымдықтарын айқындайтын барлық тұжырымдамалық құжаттарда жүйелі түрде бекітіліп отырды.
Тоқаев күрделі халықаралық жағдай аяясында екі мемлекет стратегиялық серіктестігіне назар аудартып, оны Еуразиялық қауіпсіздік жүйесін қалыптастырудағы басты элемент ретінде атайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекеттің экономикалық байланыстарының өзара шарттылығын растайтын цифрларды еске салды: «Біздің тауар айналымымыз сенімді түрде өсіп, 30 млрд доллар шегіне жақындап қалды... Жалпы инвестиция көлемі 50 млрд доллардан асатын 170-ке жуық бірлескен жоба Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсіптік кооперациясының негізі саналады».

Сондай-ақ ресейлік басылым көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылдың тереңдеуіне назар аударды. Қазақстан аумағы арқылы өтетін 13 халықаралық көлік дәлізі (бес теміржол және сегіз автомобиль жолы) Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтағы жүк тасымалының шамамен 85 пайызын қамтамасыз етеді. Ал Қазақстан мен Ресейдің өлшемдері мен географиялық орналасуын ескерер болсақ, транзиттік бағыттар және тиісті инфрақұрылымның одан әрі дамуы бүкіл Еуразияның тұрақты көлік байланысын қамтамасыз ету үшін зор маңызға ие.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік сапары
Фото: экраннан алынған скриншот

Ресейдің жетекші ақпараттық агенттігі ТАСС Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына жасаған шетелдік сапарларының статистикасы мен хронологиясын қамтитын сараптамалық материал жариялады. Мақалада Мемлекет басшысының барлық 22 сапары жан-жақты сипатталып, сапарлардың нәтижелері, негізгі кездесулер мен жетістіктер, сондай-ақ олардың Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты қатынастарды нығайтудағы рөлі атап өтілген.

– Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті ретінде алғаш рет 2019 жылғы 3-4 сәуірде ресейлік көшбасшы Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге келді. Ресейге ресми сапар оның Мемлекет басшысы қызметіне кіріскеннен кейінгі алғашқы шетелдік сапары болды. 3 сәуірде өткен келіссөздер барысында екі елдің көшбасшылары Ресей-Казақстан қатынастарының әртүрлі мәселесін, Еуразиялық интеграция перспективаларын және аймақтық күн тәртібін талқылады. Президенттер Қазақстан мен Ресей қатынасындағы бұрынғы саяси бағытты жалғастыруға және жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті екендіктерін атап өтті, - делінген мақалада.

Материал еліміздің Президенті осы жылдың мамыр айында Мәскеуге жасаған сапарын еске алумен түйінделген.

– 2025 жылғы 8-9 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысу үшін Мәскеуде болды. Қазақстан Президенті 8 мамырда Венесуэла Президенті Николас Мадуромен, Мьянманың Премьер-министрі Мин Аун Хлайнмен және Сербия Президенті Александр Вучичпен келіссөздер жүргізді. 9 мамырда Қызыл алаңда Жеңіс шеруіне қатысты, одан кейін басқа мемлекет басшыларымен бірге Александров бақшасында Белгісіз солдаттың ескерткішіне гүл шоғын қойды. Салтанатты іс-шаралар аяқталғаннан кейін Ресей Президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа әкесі – гвардия сержанты Кемел Токаевтың Ресей Қорғаныс министрлігінің архивінен табылған әскери наградасын табыстады, - деп еске алады ТАСС.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік сапарының БАҚ-та жарияланымдармен басталуының символикалық, сонымен бірге нышандық мәні бар. Мәскеуге бет алған Мемлекет басшысының ұшағына Ресейдің Су-35 жойғыш ұшақтары мемлекеттік шекарадан бастап қапталдаса ұшты.

Президент Тоқаевты Мәскеуде қалай қарсы алғанын Life RU басылымы жазды. Внуково-2 әуежайында жоғары мәртебелі қонақты қарсы алу үшін Мәскеу гарнизонының құрметті қарауылы сапқа тұрғызылып, әскери оркестр екі елдің ұлттық әнұрандарын орындады.

Мемлекет басшысы
Фото: экраннан алынған скриншот

РИА Новости Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (ММХҚИ) студенттерімен кездесуін жазды.

– Президент ММХҚИ студенттерімен әңгімелесті. Қазақ тілінде қөткен әңгімелесу барысында студенттер Қасым-Жомарт Тоқаевқа ММҚХИ-да оның еңбектерінде баяндалған дипломатия мен ашықтық қағидаттары оқытылатынын айтты, - делінген хабарламада.

МГИМО
Фото: экраннан алынған скриншот

– Түрлі елдер туралы, оның ішінде Ресейдің бұрыннан келе жатқан одақтасы Қазақстан жайында көп мағлұмат білу Сіздерге кейін жұмысқа орналасуға, сондай-ақ әлемде және өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті маман болуға көмектеседі, - деді Президент.

Газета RU кездесуге қатысқан студенттің «Ресей мен Қазақстан – мәңгілік достықтың қос қанаты деп есептейміз. Екі елді, екі халықты риясыз, шынайы достық қарым-қатынас байланыстырады», - деген сөзін ерекшелеп берді. 

Тоқаев Мәскеуде: Достық пен стратегия арасындағы теңгерім

The Times of Central Asia Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастарды жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне көтеру туралы декларацияның қол қою мәселесін көтерді. Бұл қадамды Президент Тоқаев «екіжақты қатынастардағы жаңа дәуірдің басталуы» деп атады.

Қазақстан Президенті
Фото: экраннан алынған скриншот

Тоқаевтың Мәскеуге сапары Қазақстанның Ресеймен қатынастардағы теңгерімді сақтауға бағытталған үздіксіз күш-жігерін, сонымен қатар әлемдік өзге де державалармен байланыстарды дамытуға да көңіл бөлінуін паш ететіндігі атап өтіледі. Астана үшін бұл теңгерімді сақтап қалу сыртқы саясаттың ғана мақсаты емес, сонымен қатар күннен-күнге полярланған әлемде оның жеке ерекшелігін айқындайтын басты қағидаға айналды.

Газета RU Ресей Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың Ресейдің Қазақстанмен қатынастарды жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру туралы декларацияға үлкен мән беретінін айтқан сөзін келтіреді.

екі ел басшысы
Фото: экраннан алынған скриншот

– Біз өте үлкен мән беретін бұл құжатты асыра бағалау аса қиын, - деді Кремль өкілі.

СНГ интернет-порталы Қазақстан мен Ресей көшбасшыларының бейресми кездесуі туралы жазды. Кездесу Кремльдегі Сенат сарайының Өкілдік кабинетінде өткен.
Хабарламада сапардың маңыздылығы атап өтіледі. Ресей Президенті Владимир Путин жақын, болашақ және алыс орта мерзімді перспективаларға арналған жоспарлар жасалатынын мәлімдеді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Мәскеу арасындағы стратегиялық серіктестік және одақтастық қарым-қатынастардың мәнін атап өтті.

Тоқаев пен Путин
Фото: экраннан алынған скриншот

– Біз түйіспейтін, бірге жұмыс істемейтін бірде-бір сала жоқ. Мемлекеттеріміз арасында айта қоярлықтай қандай да бір мәселе жоқ. Егер олар пайда болса, бұл табиғи нәрсе. Олар алдымен мемлекет басшыларының және әрине, үкіметтердің күш-жігері арқылы шешіледі, - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

РИА Новости Кремльдегі кездесудің шамамен үш сағатқа созылғанын атап өтеді.

Life RU басылымының атап өтуінше, бейресми кездесуден кейін Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты Кремльдегі Сенат сарайынан жеке өзі шығарып салып, тіпті баспалдақта да көшбасшылар өзара қызу пікір алмасуды жалғастырған.

кездесу
Фото: экраннан алынған скриншот

– Кремльдің баспасөз қызметі жариялаған кадрлардан көрініп тұрғандай, Мемлекет басшылары қоштасуға асыққан жоқ. Путин Тоқаевты көлікке дейін шығарып салды. Қоштасқанда Президенттер мықты қол алысып, сәл құшақтасу арқылы Мәскеу мен Астана арасындағы достық қарым-қатынастарды растады, - делінген мақалада.

«Известия» газеті сапардың негізгі күн тәртібінен бөлек, Ресей мен Қазақстанның басқа да ықпалдастық бағыты – ғарыштық ынтымақтастық жайын атап өтті. Бүгінде «Байтерек» жобасы дайындықтың соңғы кезеңіне өтті. Биыл сәуір айында «Союз-5» зымыран тасымалдағышын ұшырудың алғашқы сынағы желтоқсан айында өтетіні айтылған болатын. Жаңа ғарыштық зымыран кешенін толыққанды пайдалану 2028 жылға жоспарланған.

Тоқаев пен Путин
Фото: экраннан алынған скриншот

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапарының екінші күні Александров бақшасындағы Белгісіз солдаттың ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Первый канал-дың хабарлауынша, гүл шоғына Қазақстан туының түсімен бірдей таспа байланған.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: экраннан алынған скриншот

Ресми келіссөздердің ашық бөлігі кезінде Путин Тоқаевтың келесі жылы Қазақстан сапармен келу ұсынысын қабыл алды. Бұл жайында ресейлік Бизнес Online басылымы жазды. 

екі ел басшысы
Фото: экраннан алынған скриншот

Snob.ru декларация қол қоюдың маңыздылығын атап өтеді.

– Осынау негізгі құжатта өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастықты одан ары кеңейту және нығайту жөніндегі жоспарлардың көрініс тапқаны сөзсіз, - деді Ресей Президенті.

екі ел басшылары
Фото: экраннан алынған скриншот

Қазақстан Президенті декларацияның тарихи маңызы бар екенін айтты. Ол құжат екі ел халықтары арасындағы «өзара сенімнің берік екенін және кең ауқымды ынтымақтастықтың болашағын» көрсететінін атап өтті. 

Келіссөз қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар жайында РИА Новости жазды.

келіссөз
Фото: экраннан алынған скриншот

Декларациядан бөлек 2030 жылға дейінгі экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы, транзиттік тасымалдар мен көлік қауіпсіздігі жөніндегі, ғарыштық зымыран кешендерін сынау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Сонымен қатар, Мәскеу мен Астана Ақтауда Ресейдің Бас консулдығын ашуға уағдаласты. Жалпы, 10-нан астам құжат қабылданды. Алдағы уақытта Ресей, мысалы, Қазақстанның солтүстік және шығыс облыстарын газбен қамтамасыз етуді кеңейтіп, сирек кездесетін металлдар өндіру бойынша бірлескен жұмыстарды жолға қоюды жоспарлап отыр.

Коmmersant қоғамдық-саяси басылымы Владимир Путиннің адамның күш-қуаты неде екенін түсіндіретін «қазақ даналығын» тілге тиек етті.

Путин
Фото: экраннан алынған скрин

– Қыранның күші – қанатында, адамның күші – достарында. Ресей Қазақстанмен достық қатынасты жоғары бағалайды, - деді Владимир Путин.

Жалпы, сапар нәтижелері екі ел ең ауқымды міндеттерді бірлесіп шешуге дайын екенін, халықтарының мүддесі үшін сенімді түрде алға жылжуды мақсат ететінін көрсетті. Тоқаев сапары Қазақстан мен Ресей арасындағы одақтастықтың жаңа кезеңге – кемел, прагматикалық және болашаққа бағытталған кезеңге өткенін көрсетті.

Бұл кезеңде басты ресурс саяси ерік-жігер және даму жолындағы өзара ұмтылыс болып қалмақ.

– Қазақстан – Ресейдің одақтасы, стратегиялық серіктесі және тату көршісі. Біз бұл елмен достыққа, өзара сенім мен құрметке негізделген көпжоспарлы және теңқұқылы қарым-қатынас құрып жатырмыз. Қазақстандық әріптестерімізбен берік, уақыт сынынан өткен байланыстарды шынайы бағалаймыз. Мол ортақ тарихымызбен, өзара көмек көрсету мен қолдау дәстүрлерімізбен, мәдени, рухани және адамгершілік байланыстарымызбен мақтанамыз. Осы негізде біз саясатта, экономикада және гуманитарлық салада өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге бірлесіп ұмтыламыз, - деді Владимир Путин Мәскеудегі келіссөздер барысында.

Соңғы жаңалықтар