Республикалық ақпараттық насихаттық топтың мүшесі Жансейіт Түймебаев Ақтауға келді

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министр сапар барысында «Жол картасы» бағдарламасы аясында кем-кетігі жөнделген қаладағы №3 орта мектеп пен жұмыстан қысқартылған ер азаматтарды дәнекерлеуші, металл құрастырушы, монтаждаушы мамандықтары бойынша оқытатын «Ақтау тренинг орталығы» ЖШС-да болды.
Ақтау қаласындағы күрделі жөндеу көрмегеніне 40 жыл болған №3 орта мектепке 212 млн. теңге қаржыға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, биылғы күзде пайдалануға берілген еді. Ж. Түймебаев мектептің лингафон, интерактивті жаңа оқу- техникалық базасымен танысып, сыныптарды аралап көрді.
Мұнан кейін ол «Ақтау тренинг орталығы» ЖШС-да дәнекерлеуші, металл құрастырушы, монтаждаушы мамандықтары бойынша тәжірибеден өтіп жатқан 50 адамның жұмыстарымен, «100 мектеп, 100 аурухана» жобасы бойынша бой көтерген, республикалық бюджеттің есебімен салынған Сайын Шапағатов атындағы № 1 мектептің тыныс-тіршілігімен танысты.
Білім және ғылым министрі сапарының басты мақсаты - Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің студенттеріне Елбасының «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» Жолдауы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.