Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол қатынасына шектеу жоқ - Көлік және коммуникация министрлігі
Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлайды.
Кеңеске «Қазавтожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорны және оның филиалдары, автомобиль жолдары комитетінің облыстық департаменттерінің басшылары қатысты. Жиын барысында жол қозғалысына қатысушыларды жолдағы жағдай жөнінде ақпараттандыру мақсатында «Қазавтожол» кәсіпорны ауа райы туралы ақпарат беретін 33 жарықдиодты жол белгілерін сатып алып, оларды орнатуға кіріскендігі айтылды. Сонымен қатар күн сайын «Қазавтожол» кәсіпорнының сайтында республикалық жолдардың оперативті жағдайы туралы ақпарат орналастырылып отырады. Ауа райының қолайсыздығынан жабылған күрделі жол учаскелерін көрсетіп тұратын бейнетүсірілімдерді көрсету тәжірибесі де енгізілген.
Бұған қоса тиісті аймақтарда 53 мың шаршы метр қар тоқтататын уақытша қалқандар орнатылып, қардан қорғайтын 4 мың шақырым орлар қазылды және 22 шақырым тосқауыл қабырғалар тұрғызылды.
Шығыс Қазақстан облысында жол қызметіндегілерге жолды қардан тазарту барысында, сондай-ақ, көлік жүргізушілері ауа райының қолайсыз кезінде (қар, боран, жолдың нашар көрінуі) бағыт-бағдарын айырып отыру үшін 3 мыңнан астам боялған ағаш белгілерін орнату жұмыстары жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол қатынасына шектеу жоқ. Кеңесті қорытындылай келе, Б.Камалиев автомобиль жолдары комитетінің облыстық департаменттері, сондай-ақ «Қазавтожол» РМК филиалдарының басшыларына алдағы сайлауға әзірлік, оны өткізу және қорытындылау күндері республикалық және жергілікті маңызы бар барлық автомобиль жолдарында қатынас орнатуды қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды іске асыруды тапсырды. Ол үшін саланың барлық техникасы мен адами ресурстарын жұмылдыру қажет.