«Ройял Датч Шелл плс» концернінің Қашаған кен орнын игеру жобасында маңызы зор - Н.Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шетел инвесторлары кеңесі отырысы аясында «Ройял Датч Шелл плс» концернінің бас атқарушы директоры Бен ван Берденмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
None
None

Кездесу барысында қазіргі өзара іс-қимылдың бірқатар мәселелері, сондай-ақ концерн қызметінің мейлінше перспективалы салаларындағы ынтымақтастық аясын кеңейту жолдары қарастырылды.

Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев компанияның Қашаған кен орнын игеру жобасындағы маңызды ролін атап көрсетіп, Б.Берденді «Би Джи Групп» компаниясымен қосылу үдерісінің табысты аяқталуымен құттықтады.

Қазақстан Президенті қазіргі кезеңде «Ройял Датч Шелл плс» біздің еліміздің мұнай-газ саласындағы аса ірі инвесторлардың бірі болып отырғанына назар аударды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бұл саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігіне тоқталды.

Б.Берден өзара іс-қимылдың және инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асырудың деңгейі жоғары екенін атап өтіп, таяудағы кезеңде жалғастыратын жұмыстарына қатысты жоспарлары жөнінде айтты.

Соңғы жаңалықтар