Рұқсат етілген салмақтан артық жүк тиегені үшін салынатын айыппұл мөлшерін арттыру қарастырылып жатыр - Көлік министрлігі
Атап айтқанда, автокөлік құралдарының иелері ауыр жүк көліктерін республика аумағында пайдалануда бекітілген салмақ габаритін сақтамаған. Бұл туралы Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Шара қорытындысында 54 автокөлік құралының жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі. Көлік заңнамасын сақтамаған 5 оқиға бойынша жүкті жөнелтуші - заңды тұлғалар жауапкершілікке тартылатын болады.
«Алматы облысы бойынша жыл басынан бері ірі габаритті және ауыр жүктерді тасымалдау ережесін бұзғаны үшін 958 әкімшілік іс қозғалған болса, оның 201-і заңды тұлғаларға қатысты болып отыр. Бүгінгі күні Қазақстанда 13 801 жүкті өзі түсіретін жүк көлігі тартылған 824 карьер жұмыс істейді. Республика бойынша жыл басынан бері 11 851 жол (карьерлік) ауыр жүк көліктері тексеріліп, қорытындысында 3 897 көлік иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылса, рұқсат етілген салмақ параметрлерін сақтамағаны үшін 7 карьерлік көлік иесі мен 28 тасымалдаушыға қатысты іс сот органдарына жолданған. Мұнымен қоса, бүгінде карьерлік автокөлік құралдарының бөлек категориясын құру мәселесі қарастырылуда», - делінген баспасөз хабарламасында.
Аталған санатқа енетін автокөлік құралдарына жалпы қолданыстағы автожолдармен жүруге шектеулер қою, рұқсат етілген мөлшерден артық көлемде жүк тиегені үшін жүкті жөнелтушілерді (карьерлік көлік иелерін) әкімшілік жауапкершілікке тарту шарасын енгізу, карьерлік автокөліктерді пайдаланушыларға салық енгізу, рұқсат етілген салмақ мөлшерінен артық жүк тиегені үшін салынатын айыппұл мөлшерін арттыру қарастырылуда. «Аталған шаралар ауыр жүк көліктерін республика аумағында бекітілген ережелерді сақтамай жалпы қолданыстағы автожолдарда пайдалану оқиғаларын азайтуға септігін тигізбек», - делінген хабарламада.