Руслан Берденовке оқ атқан күдікті: Қысым мен қызғаныш себеп болды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты басты сот процесі жалғасып жатыр.

Сотта айыпталушы Ернар Жиембайдан жауап алынды. Ол өз еркімен жұмыстан шығу туралы өтінішті қысыммен, яғни қылмыстық қудалау қаупімен қорқыту арқылы жаздыртқанын мәлімдеп, осы ұстанымын жалғастырып отыр.
Сонымен қатар, оның айтуынша, жанжалға қызғаныш себеп болған.
Айыпталушының сөзінше, жары жиі Руслан Берденовті үлгі етіп, оны «бұлшықетті, энергиясы тасып тұрған, болашағы зор жігіт» деп сипаттаған.
Жиембайдың айтуынша, Берденов оның жұбайына ерекше көңіл бөліп, әлеуметтік желідегі жазбаларына «лайк» басып, мақтау пікірлер қалдырған.
Сондай-ақ, жеке әңгіме барысында: «Өзің де блатнойсың, әйелің де сұлу екен», – деген сөздер айтқан, бұл жағдай отбасында жиі жанжал тудыруға себеп болған.
Жиембай таратқан мәліметке қатысты Руслан Берденовтің ресми өкілі Жеңіс Тыныбек пікір білдірді. Ол төрт баланың әкесі Берденовті жақсы білетін адам ретінде, өзгенің жарына қандай да бір жазба жазуы мүмкін дегенге сенбейтінін жеткізді.
Жиембайдан жауап алу аяқталғаннан кейін бұл іс бойынша алғашқы куәгер ретінде фельдшер Арай Қамытбекова сөз сөйледі. Оның айтуынша, қылмыс болған сәтте ол құрбысымен бірге TikTok-қа видео түсіріп жүрген және оқиға орнына жақын маңда болған.
Қамытбекованың сөзіне сүйенсек, ол Жиембайды шабуылға дейін көрген және ол көңілсіз күйде жүрген. Кейінірек атыс дауысын естіген бойда оқиға орнына жүгіріп барған. Сол жерде Жиембайдың: «Өлтіремін!» және «Ол менің әйелім, сенің кесіріңнен біз ажырасып жатырмыз!» – деп айқайлағанын естігенін айтты. Кейінірек ол Жиембайдың оқиға орнынан шығарылып жатқанын көрген.
Руслан Берденов қанға малынған күйде болған, қолы мен бүйірінен жарақат алған. Арай Қамытбекова оған алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкенттегі мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша басты сот процесі басталғанын жазған болатынбыз.
21 сәуірде Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны мәлім болған. Ол жарақат алып, ауруханаға түсті.
Ал 25 сәуірде шенеунікке оқ атқан күдіктінің әкесі мәлімдеме жасады.
Руслан Берденовтің ақпан айының соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған.