С. Ахметов Алматы қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша кеңес өткізді

Атап айтқанда, мемлекеттік органдар басшылары Алматының көлік инфрақұрылымын дамыту және ҮИИДМБ жобаларын жүзеге асыру туралы баяндап, метрополитен, тасқынға қарсы нысандар құрылыстары, сондай-ақ қаланың энергетикалық кешенінің жағдайы мен 2017 жылы өтетін Универсиадаға дайындық аясындағы спорттық нысандар құрылыстарының барысы туралы хабарлады.
Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет басшысы мұнай және газ, экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктері мен табиғи монополияларды реттеу агенттігіне «2018 жылға дейін 5 жылдық мерзімге автокөліктер үшін газ тарифын қазіргі қолданыстағы деңгейде сақтап қалу бойынша үкіметке өзара келісілген ұсыныс енгізуді» тапсырды.
«Бізге қала экономикасының таяу болашақтағы өсімі қарқынын анықтап, тиісті шешім қабылдау маңызды»,- деп сөзін түйіндеді С.Ахметов.
Жұмыс сапары барысында Премьер-Министр «Әйгерім» тұрғын үй кешеніне барып, тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бағдарламасы бойынша салынып жатқан жалпы құрылыстардың барысымен танысты.
Үкімет басшысына «Қолжетімді тұрғын үй-2020» және «ТКШ жаңғырту» мемлекеттік бағдарламаларының Алматыда жүзеге асырылуының нәтижелері туралы баяндалды.
Премьер-Министр жұмыс сапарының соңында республикалық олимпиадалық дайындық базасының құрылыс алаңына барды.