С.Ахметов: Біз 2017 жылы EXPO халықаралық көрмесін өткізу үшін Астананың кандидатурасын қолдағаны үшін Германия экономикасы Шығыс комитетіне ризашылығымызды білдіреміз
Бұл туралы ҚР Үкімет басшысының баспасөз қызметінен хабарлайды.
С.Ахметов Э.Кордеске Германия экономикасы Шығыс комитетінің 60 жылдығына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын жеткізді.
Әңгіме барысында С.Ахметов соңғы жылдары екі елдің арасындағы экономикалық өзара қарым-қатынас біршама жандана түскенін атап көрсетті. Германия Қазақстанның жетекші іскерлік әріптестерінің бірі болып табылады. 2012 жылғы қаңтар-тамыз айларында сауда айналымы 2,5 млрд. АҚШ долларын құрады.
Үкімет басшысы Германия бизнесі Қазақстан экономикасына кеңінен тартылғанын, елімізде герман капиталының қатысуымен бірлескен кәсіпорындарды, германиялық компаниялар мен банктердің өкілдіктерін қоса алғанда, шамамен 1200-ге жуық экономикалық құрылым тіркелгенін айтты.
«Біз Мемлекет Басшысының ақпан айында Берлинге жасаған сапары барысында қол қойылған шикізаттық, өнеркәсіптік және технологиялық салаларда әріптестік туралы Келісімді іске асыру үшін белсенді жұмыс істеуіміз қажет», - деді С.Ахметов.
Үкімет басшысының пікірінше, Келісімді іске асыруда стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-герман Іскерлік кеңесі маңызды рөл атқарады.
«Қазақстан жағы экономиканың басым салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруда германиялық компаниялардың жан-жақты қолдауын қашан да құптайды.. Олар Қазақстан экономикасына озық технологиялармен бірге инвестициялар мен инновацияларды тартуды қамтамасыз етеді. Бұл орайда, Қазақстанда өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты және бизнесті жүргізуді дамыту үшін барлық жағдай жасалуда», - деді С.Ахметов.
«Біз 2017 жылы EXPO халықаралық көрмесін өткізу үшін Астананың кандидатурасын қолдағандарыңыз үшін Сізге және Сіз арқылы Германия экономикасы Шығыс комитетіне ризашылығымызды білдіреміз», деп түйіндеді Премьер-Министр.
Өз кезегінде, Э.Кордес Қазақстан экономикасына жаңа технологиялар мен инвестицияларды тарту үшін бірлескен кәсіпорындарды құруда өзара мүдделіліктің бар екенін қуаттады.
«Менің ойымша, Қазақстан мен Германияның арасындағы өзара байланыстар белсенді сатыға көтерілді»,- деді ГЭШК басшысы.
Ағымдағы жылдың ақпан айында Н.Ә.Назарбаевтың ГФР-ға сапары барысында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. Үкімет басшысының бұл жолғы сапары қол жеткізілген келісімдерді іске асыру үшін жұмысты жандандыруға бағытталған.