С. Ахметов бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінен қаржылық тәртіпті орындауды талап етті - апталық шолу

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың атап өтуінше, әлемдік экономика мен сыртқы нарықтардағы белгісіздіктерге қарамастан 2013 жылдың қаңтар-наурызында Қазақстан экономикасының оң өсімі қамтамасыз етілді.
«Алдын ала бағалау бойынша, елдің жалпы ішкі өнімі бірінші тоқсанда 4,5 пайызға өсті. Экономиканың 6 негізгі саласы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,7 пайызды құрады», - деді ол.
Сондай-ақ, инфляцияның ағымдағы жылдың наурызында 0,2 пайызды құрағанын, азық-түлік тауарлар бағасы өсуінің төмендеуі байқалғанын, азық-түлік емес тауарлар 0,6 пайызға төмендегенін, өңдеу өнеркәсібіндегі өнім өндірісі 1,6 пайызға өскенін, өнеркәсіп өндірісінің өсімі 1,9 пайызды құрағанын және басқа да экономикалық көрсеткіштерді атап өтті. Министрдің пайымдауынша, елдегі өнеркәсіп өндірісінің өсуіне Индустрияландыру картасын іске асыру өз септігін тигізуде. Аталған кезең ішінде еліміздің Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес, іске қосылған жобалар 1,7 трлн. теңгеден астам сомаға өнім өндірді. Сонымен қатар, қаңтар-наурызда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 206,9 млрд. теңгені құраған. Оның атап өтуінше, өңірлік бөліністе ең жоғары өнім Ақмола облысында - 5,4, Шығыс Қазақстан облысында - 4,7, Қарағанды облысында - 3,7, Солтүстік Қазақстан облысында - 3,4, Павлодар облысында 2,9 пайыз деңгейінде байқалған.
Сондай-ақ, «Кеден одағы елдерімен өзара сауда екі айдың ішінде өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,5 пайызға өсіп, 4 млрд. АҚШ долларын құрады», - деді ол.
Сонымен қатар, Е. Досаев 2014-2016 жылдарға арналған бюджеттік параметрлер әзірленетіндігін айтты. Оның атап өтуінше, алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджет жобасын қалыптастыру жаңа бюджет саясаты тұжырымдамасында анықталған тәсілдермен жүзеге асырылмақ.
Ал Қаржы министрі Болат Жәмішев аталған отырыста биылғы бірінші тоқсанда ел бюджетіне түсімдер 1248,0 млрд. теңгені құрағандығын мәлімдеді. «Бюджет түсімдері 1248,0 млрд. теңгені немесе 99,1 пайызды құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда түсімдер 82,9 млрд. теңгеге ұлғайды»,-деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, кірістер 1244,1 млрд. теңге немесе 100 пайыз деңгейде түсті. Бұл ретте, негізгі кіріс көздері артығымен орындалған. Ал, салықтар 807,2 млрд. теңге немесе 100,8 пайыз, салықтық емес түсімдер 18,8 млрд. теңге шамасында болды. Бұдан бөлек, негізгі капиталды сатудан болатын түсімдер 0,1 млрд. теңге немесе 110,3 пайыз деңгейінде түсті. Трансферттер 418,0 млрд. теңге көлемінде болды
Сондай-ақ, Қаржы министрі Болат Жәмішев бюджеттік бағдарламалардың кейбір әкімшілері бюджеттік рәсімдерді орындау шараларына жауапкершілікпен қарамағандығын атап өтті.
«Қажетті бюджеттік рәсімдерді орындауға бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің барлығы бірдей, тиісінше жауапкершілікпен қарамағанын атап өткім келеді. Мәселен, 2013 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша әкімшілер 1207,7 млрд. теңгеге міндеттемелерді қабылдамаған. Бұл жалпы тоқсандағы бюджеттің атқарылуына теріс әсерін тигізді»,-деді Б. Жәмішев.
Министрдің айтуынша, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелерді қабылдамауының негізгі себептері мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілмеген конкурстар, мемлекеттік сатып алуды конкурстық рәсімдерінің ұзаққа созылып өткізілуі, сондай-ақ шарттарды кеш жасасу болып табылады.
«Осыған байланысты өздері әкімшілік ететін бюджеттік бағдарламалары бойынша міндеттемелерді уақытылы қабылдау қажеттігіне барлық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің назарын аударғым келеді. Өйткені бұл бюджет қаражатының игерілуіне тікелей әсер етеді. Бюджет қаражатының игерілуіне бақылауды күшейтіп, күнделікті мониторинг жүргізіп отыру қажет»,-деді министр.
Тағы бір айта кетерлігі, Үкімет отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінен қаржылық тәртіпті орындауды талап етті.
«Әлемдік экономиканың дамуы ахуалына қарамастан, макроэкономикалық тұрақтылықтың сақталуына қол жеткізілуі тиіс. Биыл біз экономика өсімін 6 пайызға қамтамасыз етуіміз керек. Оған біздің экспорттық мүмкіндіктерді арттыру есебінен ғана емес, сонымен қатар ішкі сұранысты кеңейту арқылы қол жеткізуіміз қажет»,-деді Үкімет басшысы.
С. Ахметов ел экономикасы сыртқы әсерлерге де ұшырауы мүмкін екенін айта келе, осыған байланысты ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне әлемдегі және Қазақстандағы экономикалық жағдайға пәрменді мониторинг жүргізуді жүктеді.
Сөз соңында Премьер-Министр ахуалға тиісті іс-қимыл жасауға қажетті ұсыныстар әзірлеудің мүмкіндіктерін ескеру керектігін атап өтті. «Сонымен қатар бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне, өңірлер әкімдіктеріне қаржылық тәртіпті орындауды қамтамасыз етуді тапсырамын»,-деп түйді ол.
Сонымен қатар, Премьер-Министр Серік Ахметов Қазақстан Үкіметі 2009 жылғы «Жұмыспен қамту» бағдарламасын жаңғыртатынын атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, мамырда өтетін Үкімет отырысында жұмыспен қамтудың дағдарысқа қарсы бағдарламасын қабылдау бойынша мәселе қаралады. Оның аясында қосымша 30 млрд. теңге бөлінбек. «Біз 2009 жылдың «Жұмыспен қамту» бағдарламасын жаңғыртуға ниеттіміз. Толық құрылыстарға негізделген қаржының дені білім, денсаулық сақтау, мәдениет секілді әлеуметтік жобаларды жөндеуге аударылады», - деді С. Ахметов.
Премьер-Министрдің айтуынша, облыстық және Астана мен Алматы қалаларының бюджеттері аясында оңтайландыру жүргізу қажет. «Қазіргі кезде біз осымен Үкіметте айналысудамыз. Бұдан кейін, мамырда бюджет нақтыланады»,-деді ол.