С.Ахметов ісі: Сотталушы Б.Әбдішевтің адвокаты жарыссөз барысында қорғалушысының кінәсіздігін дәлелдей алмады
Мемлекеттік айыптаушының сөз сөйлеуі барысында тергеу амалдары барысында қол жеткізілген айғақтар мен куәгерлерден алынған түсініктер іс фигуранттарының қылмысқа тікелей қатысы бар екендігін дәлелдейтіндігі белгілі болды. Осының негізінде прокурор С.Ахметовті мүлкін тәркілеп, 5 жылға жауапты мемлекеттік қызметпен айналысуына шектеу қоя отырып, 12 жылға бас бостандығын айыруды сұрады. Қалған сотталушылар 3-тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жарыссөз барысында кезек сотталушылардың адвокаттарына келіп жетті. Алғашқы болып Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевтің қорғаушысы Нұрлан Бекбергенов сөз алды. Оның қорғалушысына прокуратура 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді.
Қорғаушының сөздері Б.Әбдішевтің жазықсыздығын дәлелдеуден гөрі тергеушілер мен прокурорларды айыптау түрінде болды әрі оның негізсіз екендігі анық байқалып тұрды.
Біріншіден, алғашқы минуттардан-ақ Н.Бақбергенов тергеу амалдары барысында аталған істе куәгерлігі нақты нәтижелер беретін куәлердің шақырылмағандығын айтты. Бірақ, бірден, қорғаушының оларды шақыруға мүмкіндігі бола тұра оны неліктен пайдаланбады деген сауалдың туындайтындығы анық. Демек, қорғаушылар тарабынан ондай адамдардың мүлдем болмағаны ғой.
Екіншіден, адвокат тергеу барысында қылмыстың басқа да нұсқалары қарастырылмағандығын тілге тиек еткенімен оның қандай нұсқа екендігін айта алмады.
Үшіншіден, Н.Бебергенов жекелеген тергеушілердің «қиял-ғажайып» сөздеріне бой алдырды деп мемлекеттік органдарды айыптай бастады.
Төртіншіден, тергеу амалдары барысындағы Б.Әбдішевтің барлық мойындау түсініктемелері органдардың қысымы барысында алынды дейді. Бұл мәселе барынша қызығушылық туындатады. Өйткені, Әбдішев те, оның адвокаттары да осы уақытқа дейін бұл жайында мәлімдеме жасамаған еді.