С.Ахметовтің ісі бойынша басты сот талқылауы 10 тамызға тағайындалды

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлық жасады деп айыпталған ҚР бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов пен Қарағанды облысының басқа да бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктерінің және бизнесмендердің қылмыстық ісі бойынша басты сот талқылауы 10 тамызға тағайындалды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Басты сот талқылауы 2015 жылғы 10 тамызға тағайындалсын», - деп хабарлады алдын ала тыңдау аяқталғаннан кейін Қарағанды облысы қылмыстық іс жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Исламхан Есенбаев.

Сот алдын ала тыңдау барысында мәлімделген сотталушыларды қорғау қолдаухаттарын қабылдамады. Серік Ахметовтің адвокаттары оған сеніп тапсырылған мүлікті иелену немесе ысырап ету, қызметтік өкілеттігін теріс пайдалануға байланысты эпизодтар бойынша қылмыстық құрамның жоқ болуына орай екі бап бойынша қылмыстық қудалауды тоқтатуды өтінді. Бұдан басқа, қорғау тарапы шығын сомасын азайтуды талап етті. Облыстың бұрынғы әкімі Б.Әбдішев пен Қарағандының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұловтың қорғаушылары бұлтартпау шараларын өзгертуді талап етті. Олар бұрынғы шенеуніктерді үйқамаққа немесе кепілге шығаруды өтінді. Алдын ала тыңдау аяқталған кезде сөз алған облыстың бұрынғы әкімі Б.Әбдішев тергеу барысында берілген айғақты дәлелдерден бас тартты. «Айғақты жоққа шығаруды өтінемін, мен бұл айғақты қатты қысым көрсеткендіктен, ауыр баппен қорқытқаннан кейін мойындадым», - деді Б.Әбдішев. Судья бұл қолдаухат басты сот талқылауында қаралатынын хабарлады. Еске сала кетейік, Қарағанды облыстық прокуратурасы хабарлағандай, бақылау органы бұрынғы премьер-министр С.Н.Ахметовке, облыстың экс-әкімі Б.Т. Әбдішевке, Қарағанды қаласының экс-әкімі М.А. Смағұловқа және басқа да бұрынғы шенеуніктер мен кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық іс материалдарын зерделеуді аяқтады. Сыбайлас жемқорлық ісі бойынша барлығы 21 адам тергелуде. Оларға қызмет бабын асыра пайдаланды, бюджет қаражатын ұрлады және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласты деген айыптар тағылған.С.Ахметов сондай-ақ аса ірі көлемде пара алуға айыпталуда. Қылмыстық іс материалдары 300 томнан асады. Тергеу нұсқасы бойынша, С.Ахметов 1 млрд. теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырып, 2,4 млн. АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдік бар. Серік Ахметовтің қылмыстық ісі бойынша көрсетілген 1 млрд теңгеден астам шығынның 430 млн теңгесі мемлекетке аударылды.

Соңғы жаңалықтар