С.Ахметовтің қылмыстық ісі бойынша келтірілген шығынның бір бөлігі мемлекетке қайтарылды (ФОТО)

«Күдікті С.Н.Ахметовтің қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін жағдай сомасы 430 млн теңге келтірілген шығынның ішінара орнын толтыру болып табылады», - делінген айыптау қорытындысында. Бар ақпараттарға сәйкес бұл соманы қылмыстық іске қатыстылардың бірі С.Ахметовтің інісі «Сталь цинк» ЖШС басшысы қайтарды. Бұл ретте, С.Ахметовтің адвокаттарының бірі Никоай Лесник мәлімдегендей, оның қорғалушысы айыптың бірде-бір тармақтарын мойындамайды. «Қорғалушының кінәсіздігін дәлелдейтін объективті фактілер мен мән-жайлар бар, бұл сотта міндетті түрде қаралады, кейін істің нақты мән-жайын ескеріп, біздің пікіріміздің негізді екенін растайды, оған көздеріңіз жететін болады», - деп атап өтті адвокат. Еске сала кетейік, бүгін Қарағанды облысы мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы Премьер-Министр Серік Ахметов пен сыбайлас жемқорлық үшін айыпталып отырған аймақтың бұрынғы жоғары шенді шенеуніктеріне қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. С.Ахметовке және басқа да қатысушыларға қатысты қылмыстық іс Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық сотына 2015 жылғы 13 шілдеде келіп түсті. 14 шілдеде ол тіркеліп, әрбір сотталушыға статистикалық карточка ашылды. Автоматты тәсілмен қылмыстық істі судья Исламхан Есенбаев қарайтын болды. Бұған дейін Қарағанды облыстық прокуратурасы хабарлағандай, бақылау органы бұрынғы премьер-министр С.Н.Ахметовке, облыстың экс-әкімі Б.Т. Әбдішевке, Қарағанды қаласының экс-әкімі М.А. Смағұловқа және басқа да бұрынғы шенеуніктер мен кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық іс материалдарын зерделеуді аяқтады. Сыбайлас жемқорлық ісі бойынша барлығы 21 адам тергелуде. Оларға қызмет бабын асыра пайдаланды, бюджет қаражатын ұрлады және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласты деген айыптар тағылған.С.Ахметов сондай-ақ аса ірі көлемде пара алуға айыпталуда. Қылмыстық іс материалдары 300 томнан асады. Тергеу нұсқасы бойынша, С.Ахметов 1 млрд. теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырып, 2,4 млн. АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдік бар.