С. Қайырбекова Cыр медицинасында атқарылған істерді жоғары бағалады
Еліміздің бас дәрігері екі күн бойы өңірдегі емхана, ауруханаларды аралап шықты. Дәрігерлермен кездесті. Атқарып жатқан жұмыстармен танысты. Алқалы жиында медицина саласының жетістіктері айтылды. Проблемалар да тасада қалған жоқ. Материалдық-техникалық базаны жаңартудың жолдары сөз болды.
Аймақ басшысы бұл салаға бөлініп жатқан қаражат жылда еселеніп жатқанын айтып өтті.
«Соңғы 3 жылда ана өлімі 32,9 пайызға, сәби өлімі 30,5 пайызға төмендеді. Туберкулез дерті 7,8 пайызға азайды. Бұл денсаулық саласында серпілістің барын аңғартады. Медициналық көмек ауылдың әрбір тұрғыны үшін қолжетімді болуы үшін өткен жылы 9 селолық аурухананы аштық. Биыл төртеуін ашуды жоспарлап отырмыз», - деді Қ.Көшербаев.
Өңірімізде жоғары мамандандырылған медициналық көмек қарқынды дамуда, кардиохирургиялық орталықта ашық жүрекке оталар жасалса, онкология саласында емдеудің жаңа технологиялары енгізіліп, травматология саласында эндопротездеу күрделі отасы жасала бастады. Облыстық медициналық орталық базасында ашылған нейроинсульт орталығында ми және жұлынға күрделі оталар жасалуда.
Аймақтағы күрделі мәселелерді анықтап, шешу мақсатында «Денсаулық сақтау саласының жол картасы» жасақталып, оны жүзеге асыруға 4,4 млрд. теңге бөлінді. Осы қаражат санавиация бригадаларын штаттық бірліктермен толықтыру, жас мамандарды оқыту және облыста кең таралған ауруларды айқындау және емдеуге жұмсалды.
Денсаулық сақтау саласының басты мақсаты - медициналық қызметтердің сапасын көтеру және оған халықтың қолжетімділігін арттыру.
Бірыңғай Ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілуі төсек орындарды тиімді пайдаланып, халық қажеттігіне байланысты қайта құруға мүмкіндік берді.
Жалпы, медицина саласында атқарылып жатқан жұмыстарды облыстық денсаулық басқармасының басшысы Иран Шәметеков баяндады.
«Арнайы қабылданған бағдарлама бойынша Шиелі ауданының орталығында ауысымына 250 адамды қабылдайтын емхана пайдалануға берілді. Тереңөзек пен Жосалы кенттерінде ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана құрылысын бастауға қаржы бөлінді. Осы бағдарлама аясында жергілікті бюджеттен 6 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталады. Қармақшы ауданындағы Төретам кентіндегі ауылдық емхананың құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Сексеуіл ауылдық емханасының және 10 дәрігерлік амбулаториялардың жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындауға 134,1 млн. теңге қарастырылды», - деді И.Шәметеков.
Бастысы, өткен жылы жедел жәрдем қызметі жаңадан 26 көлік алынды. Жиын қорытындысында Денсаулық сақтау министрі атқарып жатқан жұмыстарға жоғары бағалады. Ведомство тарапынан Сыр медицинасының мәселесін шешуге әрдайым оң ықпал ететіндігін жеткізді.