С.Мыңбаев халық қалаулыларынан Ресей мен Қазақстанның жанармай нарығына қатысты мәліметтерді дұрыс салыстыруды өтінді

Бүгін Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП-ның кеңейтілген фракция отырысында халық қалаулыларының бірі еліміздегі бензин бағасы Ресей мен Беларусьқа қарағанда неліктен жоғары болып отыр деген сұрақ қойған болатын. «Құрметті депутат, сізге қарсы сұрағым бар, Қазақстан Республикасының ішкі нарығындағы баға Ресей Федерациясынан жоғары деген ақпарат қайдан алынды? Бұл шындыққа жанаспайды», - деді С.Мыңбаев.
Оның атап өтуінше, еліміздегі АИ 92, АИ-80 маркалы бензиндер мен дизель отынының бағасы Ресей нарығына қарағанда шамамен 20 пайызға арзан. Ал АИ-95 және АИ-98 маркалы бензиндердің бағасына ішкі нарықта Үкімет шектеу қоймайды. Сондықтан да бұл маркалардың бағасында ауытқушылықтар болуы мүмкін. Жалпы қазіргі уақытта елдегі 3 мұнай өңдеу зауыты толық қуатында жұмыс істегеннің өзінде де бензиннің 30-35 пайызын Ресейден импорттауға мәжбүрміз.
«Біз халықтың барынша аз қамтылған немесе орташа қамтылғандарының өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге негізделген бензин санатын АИ-92, АИ-80 және дизель отыны деп анықтадық. Сондықтан Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының мәліметтерін дұрыс салыстыруларыңызды өтінеміз», - деді ол.