С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры 2015 жылға дейінгі репертуарын жоспарлап қойды

АЛМАТЫ. 16 қараша. ҚазАқпарат - С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры 2013 жылғы репертуарын қазақтың классикалық қойлымдарына арнайды.
None
None

Бұл туралы театрдың көркемдік жетекшісі Дунай Еспаев өнер ұжымының Алматыдағы гастрольдік сапары кезінде айтты.

«Көрерменнің нені қалайтынын білу үшін репертуарға мониторинг жүргізіп отырған жақсы. Дегенмен, көрерменнің жетегінде кетіп қалуға да болмайды. Театрдың өз келбетін  ұстап тұру керек. Бізде драматургия тапшылығы жоқ, кәсіби деңгейі жоғары режиссер тапшылығы бар. Ізденіс үстінде жүрген 5-6 режиссерді әрдайым  ұстап тұру  қиын.   Сондықтан біз олармен келіссөз жүргізгенде мүмкіндігіне қарай ұзақ уақытқа жоспарлаймыз», - дейді Д.Еспаев.

Оның пайымдауынша, театр өз қазанында өзі қайнап жатпауы тиіс. Халықаралық аренаға жиі шығып, әрдайым тәжірибе алмасып отыру керек. Бұл бағытта облыстық театр былтыр Әзірбайжанның жас режиссерлерінің бірін өзіне шақырып, қойылым қойғызса, енді Италия режиссерлерімен келіссөз жүргізіп жатқан көрінеді.

Дунай Еспаевтің сөзіне қарағанда, алдағы жылы Еуразия университетінің тарихшысы Жамбыл Артықбаевтың атсалысуымен Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» қойылымы негізінде Қазақстан-Италия арасында үлкен мәдени жоба жоспарлануда.  Сондай-ақ М.Әуезовтың  «Қаракөз» қойылымымен  іріктеу  комиссиясынан өтіп, 2013 жылы Сербияның Белград қаласында өтетін халықаралық фестивальден шақырту алып отырған көрінеді.

Сондай-ақ белгілі болғандай, аталмыш театр репертуарды бұрынғыдай 1 жылға емес, бірнеше жылға алдын ала жоспарлауға көшкен. "Қазір біздің 2015 жылға дейінгі репертуарлық жоспарымыз бар", - дейді Д.Еспаев.

Соңғы жаңалықтар