«Сәбина келін» фильмі халықаралық фестивальде гран-при жүлдесін иеленді
Шоумен Нұртас Адамбайдың киносы Индонезияда БҰҰ қолдауымен өткен «International Film Festival for Documentary, Short and Comedy Films» фестивалінде «Асқан шеберлік» ("Outstanding Excellence Award") аталымы бойынша үздік деп танылды.
Марапаттау салтанаты Индонезияның Ява аралында 16 қарашада өтеді.
«International Film Festival for Documentary, Short and Comedy Films» фестивалі қысқаметражды, деректі, комедиялық жанрға жататын фильмдерді бағалауға бағытталған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Сәбина келін» конкурс талаптарына сай келмесе де өзінің жаңашылдығымен қазылардың көңілін баурап алған.
«Бұл - юмор мен проблеманы бір бойына жинақтаған көркем фильм. Қоғамдағы әйелдер рөлін көрсетіп отыр. Киноның өзі өте әдемі, жеңіл түсірілген. Тілі де күрделі емес. Осындай кинолар қоғамға қатты ықпал етеді. Кинофестивальдің тарихында тұңғыш рет біз көркем фильмге жүлде бердік», - деді ұйымдастырушылар.
Айта кету керек, фестивальға барлығы 1200 жұмыс түскен. Олардың 20-сы ғана жүлделі орындарға ие болды.
Көптеген туындылар бірнеше елдің бірігуімен түсірілсе, «Сәбина келін» шағын ғана жеке студияның жас режиссерінің ізденісінен туып отыр.
«Nurtas production» студиясының хабарлауынша, аталған фильм АҚШ, Қытай, Румыния, Жаңа Зеландияда өтетін 5 халықаралық кинофестивальдің бағдарламасына қабылданды.