Сағынтаев ОҚО басшылығына көрші облыс әуежайларын көріп қайтуға кеңес берді
Жансейіт Қансейітұлының айтуынша, облыстағы индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы сәтті жүргізілуде. Бағдарлама аясында жалпы 208 млрд теңгеге 162 жоба іске асырылып, 9,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 2017 жылы 5 жоба іске қосылып, 2,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Бүгінгі таңда іске қосылған жобалардың 94% жоспарлы қуатына шығып, 71 млрд теңгенің өнімін өндірді.
«Елбасының ауыл шаруашылығын экономикалық дамудың жаңа драйверіне айналдыру жөніндегі тапсырмасын орындау нәтижесінде, өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,9%-ға артып, 257,4 млрд теңгені құрады. Қазіргі кезде облыста қолайлы бизнес-климатты қалыптастыру және кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін барынша жағдай жасалуда. Биыл жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 176 586 бірлікке жетіп, өткен жылға қарағанда өсім 105%-ды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша өңіріміздің республикадағы үлесі - 15,2% құрап, бірінші орынды иеленіп отыр. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өткен жылы 900 млрд теңгеден астам өнім өндірсе, биыл оның көлемі 960 млрд теңгеге жететін болады. Бүгінгі таңда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы іске асырылғаннан бері 1 322 жобаға мемлекет тарапынан 40 млрд теңгеге қолдау көрсетілді. Жалпы, 2017 жылдың 8 айының қорытындысымен облыста маңызды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімі жоғарылады» - деді Ж.Түймебаев.
Өңір басшысы мұнымен қоса, облыста туристік саланың да тұрақты дамып келе жатқанын мәлімдеді. Аймақта 195 туристік нысан бар, өсім - 31%. Мұнда көрсетілген қызмет көлемі 1,7 млрд теңгені құрап, 43%-ға өсті. Биыл облысқа 128 мың турист келді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 55,3%-ға көп. Жансейіт Қансейітұлы осы тұста ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін тамашалауға оңтүстіктен 151 мың адам барғанын да атап өтті.
Аймақ басшысының баяндамасын тыңдаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев туризм саласын әлі де дамыту жағын қарастыруды тапсырды. Үш миллионға жуық халқы бар оңтүстіктің әуежайы талапқа сай келмейтінін тілге тиек етіп, салыстырмалы түрде көрші облыстардың әуежайларын қарап шығуға кеңес берді. Сонымен қатар шетелден келген туристерге қызмет көрсету сапасы мен сервистік экономиканы дамыту қажеттігін, жастарға шет тілдерін үйрету керектігін сөз етті. Қала берді оларды шет мемлекеттерге тәжірибе жинақтауға жіберуді шақырды. Сол арқылы киелі жерлері көп оңтүстікке саяхатшыларды көптеп тартып, олардың санын көбейтуді тапсырды.
«Туризм бойынша, оңтүстікте бұл саланы да дамытуға болады. Биыл Түркістанға 21 мың адам келгенін айтып отырсыздар. Ол түк емес. Түркістанға жылына 200 мың адамдай тартып, олардың келуі үшін жағдай жасау керек. Осы бағытта жұмысты жолға қойып жұмыс істеуіміз қажет»,-деді Премьер-Министр.