Сақшылар Жеңістің 66 жылдығын атап өтті

Оған ҰОС мен ІІО ардагерлері, тыл еңбеккерлері, БАҚ өкілдері, ІІД мен Тараз қалалық ІІБ аппараттарының жеке құрамы қатысты, деп хабарлады Жамбыл облысы ІІД баспасөз қызметі.
Салтанатты жиынның бірінші бөлімі «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімше қызметкерлері мен ҰОС, ІІО ардагерлерінің, ІІД басшы құрамының Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Бұл сәтте әуеге салюттер атылып, 66 үрлемелі шар жіберілді. Жамбыл облысы ІІД бастығы полиция полковнигі Б.Аймағамбетов жиналған көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, еңбектеріне сәттілік тіледі. Сонымен қатар, жас қызметкерлердің тәрбиесіне көп көңіл бөліп, олардың тәжіибелік шыңдалуына ықпал етіп жүрген ІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі Қ.Әлімбеков те өзінің мереке қарсаңындағы жылы лебіздерін білдірді. Жеңіс тұғырын алып берген ҰОС мен ІІО ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне үлкен алғыс айтты. Бұдан соң сап түзеген әскери-шерулік киімдегі ІІД қызметкерлері жиналған жұртшылыққа ишарат көрсетіп, салтанатты шерумен жүріп өтті.
Екінші бөлім ІІД-нің акт залында жалғасын тапты. Елдікпен, ерлікпен жеткен Ұлы Жеңіс күнін бейнелеген сахна тұсына қойылған проекциялық экрандағы соғыс жылдарымен ұштасқан кадрлар майдан тарихынан сыр шертіп тұрды.
«Бұл күні біз барлық ер азаматтарымызды құттықтаймыз, олар үшін Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі, оның қуаты мен гүлденуі ең басты құндылық болып табылады. Әскери киімдегі адамдар әрдайым үлкен құрметке ие. Көптеген жауынгерлеріміздің ерліктері халықтың мәңгі есінде. Сіздерді осы мейраммен шын жүректен құттықтаймыз және мықты денсаулық, бақ-береке, Қазақстанның гүлдене беруіне деген нық сенім тілейміз!» деді салтанатты жиынды ашып берген гарнизон басшысы Б.Аймағамбетов. Бұдан соң ол қызметтік міндетін адал атқарып жүрген 218полицейді марапаттады, оның 13-і ҚР ІІМ бұйрығымен осындай құрметке ие болды. Бұлардың ішінде 102 қоғам сақшысы жалпы сомасы 3,5 млн. теңгеге ақшалай марапатталды. Сонымен қатар 4 қызметкер Ауған соғысының мүгедектері Одағының Б.Момышұлы атындағы төсбелгісін тақты.
Ардагерлер атынан сөз алған ІІД Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Ө.Смайылов жиналғандарды мерекемен құттықтап, бар жақсылықты тіледі. Ол 12 ҰОС ардагерлерін, 25 тыл еңбеккерлерін және олардың жұбайларын 1 млн. астам теңге сомасында ақшалай марапаттады.
Бұдан үш ай бұрын Жамбыл облысы ІІД бастығы, полиция полковнигі Б.Аймағамбетовтың бастамасымен 50 қызметкерлерден тұратын хор құрылған болатын. Бүгінгі салтанатты жиынның концерттік бағдарламасы да солардың әндерімен басталды. «Смуглянка», «Сарбаздар», «Жеңіс күні», «Как молоды мы были» және тағы басқа да жүрек тебірентер әндер орындалғанда ардагерлер көздеріне жас алды...
Мерекелік жиын соңында ІІО ардагері, отставкадағы полиция полковнигі И.Волков өз пікірімен бөлісті. «Мен ҰОС басталған кезде 5 жастағы ойын баласы болатынмын. Десек те, бәрі есімде. Әкем 28 жасында соғысқа алынып, сол жылы «қара қағаз» келген еді... анам екеуіміз қалдық. Қарттар мен аналар күндіз-түні тылға жұмыс істеді, біз көмектестік. Туған өлкем Беларусь елі бомба оранғанда түні күндіздей болды, біз Буденовка деревнясынан 35 шақырым жерге көшірілдік. Үмітпен күндер өтіп жатты. 1944 жылдың шілде айында мекеніміз фашистерден босатылғандығын естіп, үй-жайымызға оралғанда, бала жүрегім жылады... бәрі ойсыраған, күл-талқаны шыққан. Жарқын күн де келіп жетті, халықтың қуанғаны әлі көз алдымда...» деді ардагер соғыс жылдарын күрсіне еске алып. Сөз соңында «кеше мен бүгінді ұштастырған бұл кеш өте тамаша ұйымдастырылған, керемет әсер алдым. Бізді құрметтеп жатқандарыңызға үлкен рахмет. ІІО-да 15 жыл қызмет еттім, сондықтан еңбектерімізді айрықша бағалағандарыңызға қуанып отырмын, әрдайым табысқа кенеле беріңіздер!» - деп шексіз тілегін білдірді ардагер.