Салалық комитетте жеке үй құрылысына арналған жер учаскесін беру талаптарын түсіндірді

Комитет ақпаратынша, жеке үй құрылысы үшін жер учаскелері инфрақұрылыммен, нақты айтсақ, су және электрмен қамту желілерімен қамтамасыз етілген орыннан беріледі. Орталықтандырылған сумен қамту жүйесі жоқ елді мекендерде электрмен жабдықтау желілерінің болуы жеткілікті.
Атап өту керек, жер учаскесін беру облыстардың, республикалық маңыздағы қалалардың, елорданың, аудандардың, облыстық маңыздағы қалалардың жергілікті атқарушы органдарының құзырында.
Егер елді мекендерде тиісті инфрақұрылыммен алаңды дайындау мүмкін болмаса, азаматтардың өтініштері арнайы есепке алынып, алаңның дайындалуына сәйкес немесе жеке үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтың болуына байланысты қанағаттандырылады.
«Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратынша, барлық елді мекендерде тиісті аумақтармен қамтамасыз ету мүмкіндігі болмағандықтан, жеке үй құрылысы үшін 0,10 га жер учаскесін алу бойынша барлық өтініштері қанағаттандырыла алмайды», - деп хабарлады Құрылыс, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және жер ресурстарын басқару істері бойынша комитет төрағасы Мархабат Жайымбетов.
Осылайша, Астана әкімдігінің ақпаратынша, Астана қаласында 2007 жылдың мамырынан жеке үй құрылысы үшін жер учаскелері берілмей жатыр. Өйткені бұл мақсатпен берілетін дайын учаскелер жоқ және алдағы уақытта да жоспарланбаған.
Алматы әкімдігі 2020 жылға дейінгі қаланы дамытудың бас жоспарына сәйкес қаланың шекараларында жеке үй құрылысы үшін орындар қарастырылмағанын хабарлады.
Облыстық әкімдіктердің жер қатынастары бойынша өкілетті органдарының мәліметінше, бүгінде жеке үй құрылысы үшін 417 949 жер учаскесі бөлінді.
Еске сала кетейік, ҚР Президентінің 2016 жылғы 6 мамырдағы Жарлығына сәйкес, жер ресурстарын, геодезиялық және картографиялық қызметті басқару саласындағы мемлекеттік саясатты құру және жүзеге асыру функциялары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілді.