15:12, 03 Маусым 2009 | GMT +5
Салық төлеуден жалтару 191,2 млн. теңге шығынға батырды
АҚТӨБЕ. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбе облысының қаржы полицейлері директоры бір ғана адам болған бірнеше ұйымның салық төлеуден жалтару фактісінің жолын кесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қаржы полициясы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, тексеру барысында ақтөбелік бір адамның бірнеше кәсіпорынды - «Нұрташ ХХI», Трейд-Сэм», «Мейірхан-Компани», «Авангард-Бис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін басқарғаны анықталды.
Кәсіпорындардың Жарғысында көптеген қызметтер түрі: көтерме-бөлшек сауда, сыртқы экономикалық және делдалдық қызмет, автоқызметтер, халық тұтынатын тауарлар өндірісі, өңдеу және өткізу, жарнамалық-ақпараттық және тағы басқа да қызметтер көрсетілген. 2002 жылғы тамыздан 2006 жылғы желтоқсанға дейін кәсіпорындардың директоры табыстары туралы декларация мәліметтерін бұрмалап, бюджетке салық төлеуден жалтарып келген, сөйтіп, мемлекеттік бюджетке 191,2 млн. теңге көлемінде зиян шектірген.№2 соттың шешімімен ЖШС директоры қылмысты деп танылып, шартты түрде бір жылға бас бостандығынан айрылды, сондай-ақ келтірілген зиян мемлекет кірісіне өндіріліп алынатын болды. Үкім заңды күшіне енді.
.