Салынуы мүмкін төртінші мұнай өңдеу зауытының орны әлі анықталған жоқ - С. Мыңбаев

АСТАНА. 5 наурыз. ҚазАқпарат - Елімізде салынуы мүмкін төртінші мұнай өңдеу зауытының орны әлі анықталған жоқ.
None
None

Бүгін Мәжілісте «Ішкі нарықты мұнаймен және мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету» және  «Қарашығанақ жобасының үлесін мемлекеттің сатып алуы» тақырыптарындағы Үкімет сағаты барысында Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев осылай мәлім етті.

Министрдің айтуына қарағанда, ішкі нарыққа жіберіліп отырған мұнай көлемі 15 млн. тоннаны құрайды. Бұның  1,5 млн. тоннасы шағын зауыттарға бағытталып отыр. «Министрліктің болашақ бағытқа қатысты ұстанымы айқындалған. Егер ішкі нарықты ескеретін болсақ, Шымкент зауытын қайта жаңғыртудан кейін оның қуатын бүгінгі 6 млн. тоннадан қосымша 6 млн. тоннаға дейін өнім өндіруге көтеру мүмкіндік баршылық. Жалпы Кеңес Одағы кезінде осы зауыттың қуаты дәл 12 млн. тоннаға жоспарланған болатын. Сондықтан да, Шымкент зауытының қуатын арттыру оң шешім болуы мүмкін деп ойлаймыз», - деді Сауат Мыңбаев.

Сонымен қатар, ведомство басшысы Премьер-министрдің төртінші зауыт салуға қатысты тапсырмасы бар екенін айта келе, оның орналасатын жері әлі белгісіз болып отырғанын атап өтті. «Жаңа зауыт негізінен Қашаған мұнайына байланысты болатыны белгілі. Жалпы қисынға салсақ, бұл зауыт Қазақстанның орталығында болуы да керек шығар. Алайда бұның нақты шешімі әлі қабылданған емес», - деді Сауат Мыңбаев.

 

Соңғы жаңалықтар